Мемлекет басшысы екі елдің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету ісіндегі Қазақстан мен Ресей әріптестігінің және одақтастығының маңыздылығын атап өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап. – Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы қатынастардың басқаларға үлгі саналатынын әрдайым айтып отырады. Сондықтан, Мемлекет басшысы ретіндегі менің міндетім – біздің көшбасшыларымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Владимир Владимирович Путин негізін қалаған екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ресей Федерациясына жасайтын алдағы ресми сапарына байланысты Мемлекет басшысы жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында білім беру және ғылым саласының өзекті мәселелері талқыланатынын айтты. – Біз ынтымақтастықты кеңейту аясында білім беру мәселелерін де талқылаймыз деп ойлаймын. Бүгінгі ең бастысы – білім беру саласына инвестиция тарту, – деді Қазақстан Президенті. А. Фурсенко Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзінің Қазақстанға сапары барысында өткізген кездесулері жөнінде мәлімет берді. – Біз сындарлы әрі келелі келіссөздер жүргіздік, Ұлттық биотехнология орталығына, Назарбаев Университетіне, Парламент Сенатына бардық. Бүгінде елдеріміз арасында ғылым саласындағы ынтымақтастық мейлінше табысты жүзеге асырылуда. Бұл бағытта ортақ басымдықтар мен дамытуға қажетті әлеуетіміз бар, – деді Ресей Федерациясы Президентінің көмекшісі.