Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылы зейнеатақының қандай түрлері және қанша пайызға өсетіні туралы мәлімдеді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, зейнетақы төлемдері жасына және еңбек сіңірген уақытына байланысты жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген мөлшерде көтерілетні айтылған.
"Әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, 2024 жылға арналған инфляция деңгейі 6-8 пайыз дәлізде көзделетінін ескере отырып, "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасында жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдеріне бағытталған қаражат олардың мөлшерінің 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 9 пайызға өсуін ескере отырып көзделеді", - делінген министрлік хабарламасында.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 7 пайызға өседі.
"Бұдан басқа, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 60 пайыздан 65 пайызға дейін, ал ең жоғары мөлшері – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызынан 105 пайызға дейін артады", - деп толықтырды Еңбек министрлігі.
Сондай-ақ бюджет туралы заң жобасында 2024 жылы ең төменгі зейнетақы 57 853 теңге, ал базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңге болады деп көзделгені айтылған.
2024 жылы жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшері 152 295 теңгеге жетеді.
"Бұған қосымша мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі ұсынылады, оның ең жоғарғы мөлшері 2024 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105 пайызын, яғни 45 578 теңге болады. Зейнетақы төлемдерінің жалпы сомасы 197 873 теңге болады", - деп нақтылады министрлік.