Облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелудің жоғары құны мен жаңа ұлғайтылған шектері 2022 жылдың 1 қазанына дейін қолданылатынын айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz облыстық МКД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімімен жеке тұлғалар әуе көлігінен ерекшеленетін көлік түрлерімен бірге алып жүретін және (немесе) бірге алып жүрмейтін багажда жеке тұлғалар әкелетін жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелудің құндық және салмақтық шектерін 500 евродан 1000 евроға дейін және 25 келіден 31 келіге дейін арттыру көзделген.
Жеке пайдалануға арналған тауарларды бажсыз әкелу шегін мұндай уақытша арттыру Қазақстан Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы үшін енгізіледі. Армения Республикасында бұл шектер бұрынғы деңгейде қалады.
Көрсетілген кезеңде Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әуе көлігінен ерекшеленетін көлік түрлерімен бірге алып жүретін және (немесе) бірге алып жүрмейтін багажда әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарларға 1000 евро және 31 келі шегінде кедендік төлемдер салынуға жатпайды. Бұл шек уақытша негізде – 2022 жылғы 1 қазанға дейін ұлғайтылды.
Осылайша, 2022 жылғы 28 сәуірден бастап 1 қазанға дейінгі кезеңде, егер багажда әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарлардың құны 1000 евро сомасынан асатын болса және (немесе) олардың салмағы 31 келіден асатын болса, алушы кедендік бажды құнының 30% мөлшерінде, бірақ құндық және (немесе) салмақтық нормалардан асып кету бөлігіндегі салмақ бойынша 1 келіге 4 евродан кем емес мөлшерде төлеуі керек.