ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол карталарын іске асыру барысы қаралды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі хабарлайды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Ақтөбе облысының әкімі О. Оразалин, Павлодар облысының әкімі Ә. Сқақов, Атырау облысының әкімі М. Досмұхамбетов, Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаев баяндама жасады.
Биыл Қазақстанда «ластаушы төлейді – түзейді» қағидаты бекітілетін жаңа Экологиялық кодексті қабылдау көзделген. Бұл жаңа реттеу жүйесі аясында өндіріске жаңа экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізуге жол ашады.
Жұртшылықпен экологиялық проблемаларды талқылау қорытындысы бойынша еліміздің барлық өңірінде экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі өңірлік жол карталары бекітілді. Оларды іске асыру, озық технологияларды енгізу, жаңа экологиялық кодекстің нормаларын орындау 2024 жылға қарай атмосфераның ластану индексін төмендетуге және жалпы алғанда еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
2025 жылға дейін ҚР-дағы орман аумағын 500 мың гектарға ұлғайтып, 2 млрд астам ағаш отырғызу жоспарланған. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Тараз қалаларында қоқысты қайта өңдеу зауыттарының 6 пилоттық жобасы іске қосылады, бұл кемінде 200 млрд теңге жеке инвестиция тартуға және тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 30%-ға дейін жеткізуге жағдай жасайды.
«Елдегі экологиялық жағдайды жақсарту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың алдымызға қойған басым міндеттерінің бірі», — деді А. Мамин.
Үкімет басшысы Экология министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жұртшылықпен тұрақты кездесулер өткізе отырып, өңірлердің экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі жол карталарын толық әрі уақытылы іске асыруды тапсырды.
Премьер-Министр барлық рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою, сондай-ақ полигондардың таусылған ресурстарын жабу және қалпына келтіру бойынша пәрменді шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті. Бүгінде өңірлерде 3,5 мың қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру объектісі жұмыс істейді, олардың тек 620-сы (17,6%-ы) оларға қойылатын талаптарға сай келеді.
Экология министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, Қазақстанның төмен көміртекті дамуының 2050 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді тездету және оның жобасын келесі жылдың басында Үкіметке енгізу тапсырылды.