Ұлықтау рәсімі өтіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми түрде кіріскеніне бүгін тура бір жыл толып отыр. Былтыр 9 маусымда өткен сайлауда сайлаушылардың 70 пайыздан астамы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа дауыс берген еді. Осылайша, Қазақстан халқы Елбасы саясатының сабақтастығына және еліміздің одан әрі өрлеуіне қолдау білдірді.
Содан бері небәрі бір жыл ғана уақыт өтсе де, арада болған оқиғалардың көптігіне және атқарылған жұмыстың ауқымына қарап, олардың айтарлықтай ұзақ мерзімге татитынын аңғарамыз.
Осы кезеңде маған Қасым-Жомарт Кемелұлының қасында жүріп, бірге жұмыс істеу бұйырды. Яғни Мемлекет басшысының стратегиялық жоспарлары мен сайлау алдындағы уәделерінің қалай іске асырылып жатқанын өз көзіммен көріп келемін. Осыған орай еліміздің бір жылда бағындырған белестері мен басынан өткерген сын-қатерлері жайлы кейбір ойларыммен бөлісуді жөн көрдім.
Ел дамуының жаңа белесі
Былтырғы 19 наурыз егемен еліміздің шежіресіне ең елеулі даталардың бірі ретінде жазылары сөзсіз. Өйткені дәл сол күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы өзінің президенттік өкілеттігін тоқтату жөнінде тарихи шешім қабылдады. Осылайша, Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым халық пен мемлекеттің мүддесін бәрінен биік қоятынын кезекті рет дәлелдеді.
Дегенмен, мұндай қадам азаматтар үшін күтпеген оқиға болғаны анық. Алғаш естігенде бәріміз де кәдімгідей тосырқап, түрлі көңіл күйді бастан өткергеніміз жасырын емес. Бір жағынан, көкейде үлкен қимастық болды. Сонымен бірге халық Нұрсұлтан Әбішұлының шешіміне құрметпен қарап, Елбасының ел дамуына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екенін сөзсіз мойындады.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – Қазақстанда да, әлемдік қоғамдастықта да зор абырой-беделге ие жаһандық деңгейдегі саясаткер. Ол біздің жас және тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалады.
Елбасының басшылығымен Қазақстан 90-жылдардағы тоқырауды төзімділікпен еңсере білді. Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегі мен ерік-жігерінің арқасында еліміз саяси және қаржылық қиындықтарға төтеп беріп, барлық сынақтан сүрінбей өтті. Қазақ елі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басқарған 30 жылдың ішінде бұрынғы одақ республикаларының бірінен тәуелсіз, дамыған, әлем мойындаған абыройлы мемлекетке айналды.
Нұрсұлтан Әбішұлы президенттік өкілеттігін тоқтатуға байланысты халыққа жолдаған үндеуінде билікке басшылардың жаңа буыны келуі керектігіне баса мән берді. Сондай-ақ олардың елімізде жүргізіліп келе жатқан жаңғыртуларды жалғастыруға тиіс екенін айтты.
Бұл ретте ерекше атап өтер жайт, елімізде биліктің ауысуы толығымен Конституцияға сәйкес жүргізілді. Ата Заңымыз бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа ант берді. Біз осы тәжірибе арқылы бүкіл әлемге құқықтық және демократиялық мемлекет құру жолындағы ерік-жігерімізді айқын көрсете білдік.
Десек те, сол сәтте көпшілік ертеңгі күннің қалай боларын болжай алмай, мемлекеттің болашағы үшін алаңдаушылық білдіргені сөзсіз. Халық тұрақтылық пен сабақтастықты сақтай отырып, Елбасы саясатын жалғастырудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінді. Сонымен бірге елдің алдында мемлекеттік институттардың әрі қарай тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселесі тұрды.
Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттік қызметке кіріскен алғашқы күннен бастап Елбасы негізін қалаған стратегиялық бағытты сақтауға басымдық беретінін айтты. Сондай-ақ әлемдік трендтер мен сын-қатерлерді ескере отырып, мемлекеттің әрі қарай өсіп-өркендеуіне жағдай жасау да аса маңызды еді. Осыған орай Қасым-Жомарт Кемелұлы кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. Қазіргі таңда бұл қадамның дұрыс әрі уақтылы болғанын көріп отырмыз.
Сайлаудың өтетіні белгілі болғаннан кейін еліміздің саяси өмірі қыза түсті. Былтырғы 23 сәуірде Nur Otan партиясының съезі өтіп, онда партия Төрағасы еліміздің президенттігіне Қ.К.Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Елбасының бұл ұсынысына съезд делегаттары бірауыздан қолдау білдірді.
Маған партияның сайлау алдындағы штабын басқарып, оның жұмысын ұйымдастыру міндеті жүктелді. Соған орай алдағы сайлау науқанына қызу дайындық басталып та кетті.
Бұл естен кетпес қызықты да жауапты кезең еді. Ел аралап, күнде сайлаушылармен кездестік. Кандидатымыздың алдағы мақсат-міндеттерін әр қазақстандыққа жеткізу үшін бар күш-жігерімізді жұмсадық. Тіпті тәулік бойы дамылсыз жұмыс істеген кездеріміз де болды.
Үгіт-насихат жұмыстары кезінде қазақстандықтар Қасым-Жомарт Кемелұлына айрықша қолдау білдірді. Өйткені біздің кандидатымыз егемендіктің елең-алаң шағынан бастап Елбасының жанынан табылып, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына зор еңбек сіңірді. Ұзақ жылдар бойы мемлекеттік басқару жүйесінде ең жауапты лауазымдарда қызмет атқарды. Мемлекет басшысын елімізбен қатар шетелде де білікті басшы, тәжірибелі саясаткер ретінде жақсы таниды және құрметтейді. Қ.К.Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеуі, БҰҰ-ның маңызы жағынан екінші саналатын Еуропадағы бөлімшесін басқаруы оның халықаралық беделінің қаншалықты зор екенін аңғартады.
Науқан кезінде Қазақстан халқы Қасым-Жомарт Кемелұлының жеке қасиеттеріне де ерекше назар аударды. Президент халыққа ант бергеннен кейін алғашқы жұмыс сапарын қасиетті Түркістан қаласынан бастағаны белгілі. Сапар барысында жергілікті ақсақалдармен кездесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрған болатын. Сайлау науқанымен аталған өңірге барғанымызда, түркістандық қоғам қайраткерлері сол жүздесуді тебірене еске алды. Олар Мемлекет басшысының ең алдымен рухани астанаға ат басын бұрып, ата-баба рухына тағзым етуі үлкен мәнге ие екенін айтып, кандидатымызға ақ баталарын берді.
Қоғамдық штаб мүшелері еліміздің әр аймағына арнайы барды. Олар тек ірі қалаларда ғана болып қоймай, алыс аудандар мен шалғай ауылдардың тұрғындарымен де кездесті. Барлық жерде кандидатымыз бен оның бағдарламасы азаматтар тарапынан қолдау тауып отырды. Шын мәнінде, Қасым-Жомарт Кемелұлының науқан кезіндегі рейтингі өте жоғары болды. Оған сол кезде жүргізілген әлеуметтік сауалдамалардың нәтижелері айқын дәлел.
Сондықтан біз кандидатымыздың жеңіске жететініне сенімді болдық. Алайда тоқмейілсуге ешқандай жол берген жоқпыз. Керісінше, үгіт-насихат жұмыстарының соңғы күніне дейін аянбай еңбек етіп, сайлау алдындағы бағдарламаның маңызын сайлаушыларға түсіндіру үшін барымызды салдық. Оған қоғамдық штабтың әр мүшесі үлкен үлес қосты.
Дауыс беру күні сайлау учаскелерінің шығаберісінде жүргізілетін сауалдаманың қорытындысы сол түнде жарияланатыны белгілі. Бұл – қалыптасқан дәстүр. Біз осы сәтке ерекше дайындалдық. Nur Otan партиясы орналасқан ғимараттың бірінші қабатында үлкен экран орнатылды. Exit-pools нәтижесін білу үшін штаб мүшелері мен партия аппаратының қызметкерлері сол жерге жиналды. Бір ай бойғы қарбаластан шаршағанымыздың өзі ұмытылып, залда көтеріңкі көңіл күй орнады. Әрқайсымыздың жүзімізден толқыныс пен атқарылған жұмысқа деген ризашылық сезімдері айқын білініп тұрған еді. Ол жерге мақсаты ортақ, жеңіс үшін күш біріктірген, елдің болашағына сеніммен қарайтын, ниеттес, мүдделес азаматтар жиналған болатын.
Алғашында Қасым-Жомарт Кемелұлы нәтиже жарияланар сәтте, яғни түн ортасына қарай келеді деп күтілді. Дегенмен кандидатымыз өзінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген азаматтармен тілдесіп, алғысын білдіру үшін айтарлықтай ерте келді. Ол республикалық қоғамдық штабтың әр мүшесіне көңіл бөліп, шынайы ризашылығын жеткізді. Тіпті жастармен бірге суретке түсуге де қуана келісті.
Дауыс беру нәтижесі Қазақстан халқының басым бөлігі Қ.К.Тоқаевты және оның сабақтастықты сақтауға, әділетті әлеуметтік мемлекет құруға, экономикалық өрлеуді қамтамасыз етуге бағытталған саясатын қолдайтындарын айқын көрсетіп берді.
Президентті ұлықтау рәсімі 12 маусымда өтті. Бұл шара ел дамуының келесі кезеңіне жол ашты. Салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік органдар үшін негізгі он бағытты анықтап берді. Олардың қатарында халықтың табысын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту, сыбайлас жемқорлықты жою, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, тұрғын үй мәселесін шешу, әділетті әлеуметтік саясат, өңірлерді дамыту, рухани жаңғыру, үйлесімді және көпвекторлы сыртқы саясат, сондай-ақ жастарды қолдау сияқты басымдықтар бар.
Сонымен қатар Қ.К.Тоқаев өзінің Президент ретіндегі ең басты мақсаты халқымыздың бірлігін сақтау, әр азаматтың құқығын қорғау және әрдайым Қазақстанның ұлттық мүддесін бәрінен биік қою екенін нақты айтты.
Осылайша, Мемлекет басшысы бірден сайлау алдында берген уәделерін орындау үшін білек сыбанып жұмысқа кірісіп кетті. Себебі алда ауқымды жұмыстар мен маңызды міндеттер тұрған еді.
Қатерлер мен сынақтар кезеңі
Қ.К.Тоқаевтың тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынасының қалыптасуына арналған кітаптарының бірі «Беласу: дипломатиялық очерктер» деп аталады.
Беласу... Осы бір ауыз сөз мемлекеттік деңгейдегі саяси қайраткердің күнделікті тыныс-тіршілігін нақты сипаттайды. Сонымен бірге бұл сөздің қауызына қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін алға қарай батыл қадам баса білетін тұлғаның күш-қуаты сыйып тұр.
Расымен, өткен жыл оңай болған жоқ.
Бірінші кезекте, еліміздің кемел келешегі үшін билік транзитін сындарлы жүргізу басты міндет болды. Сондай-ақ мемлекеттік аппараттың реформалар жүргізудегі қарқыны мен тиімділігін жоғалтып алмау да аса маңызды еді.
Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру Қ.К.Тоқаевтың басшылығымен өз жалғасын тапты. Нұрсұлтан Әбішұлы Елбасы ретінде Мемлекет басшысын әрдайым қолдап, демеп келеді. Бұл – биліктің Конституцияға сәйкес ауысуының бірегей эволюциялық жолы екені даусыз.
Кейбір сарапшылардың пессимистік болжамдарына қарамастан, Қазақстан транзит кезеңін еш дағдарыссыз және тоқыраусыз өткерді. Сол арқылы мемлекеттік институттар мен заңдылықты нығайтып, демократиялық құндылықтарды берік ұстанатын ел екенімізді тағы бір дәлелдедік.
Жоғары биліктің ауысуына қатысты «транзиттік модель» дәл Қазақстанда пайда болып, сәтті жүзеге асырылды. Бұл елімізге шетелдік сарапшылардың ерекше назарын аударды және саяси инновация туралы сөз қозғауға себеп болды.
Сонымен қатар еліміз соңғы бір жылда басқа да сын сағаттарды бастан өткерді. Тіпті осы мерзім ішінде төтенше жағдай деген сөзді бұрынғыдан жиірек қолданған шығармыз. Себебі ұлттық және әлемдік деңгейде көпшілікті алаңдатқан оқиғалардың арта түскені белгілі. Бұл ел басында отырған азаматтар үшін де, жалпы Қазақстан халқы үшін де үлкен сынақ болды.
Қазіргі таңда бүкіл әлем елдері сияқты Қазақстан да COVID-19 індетімен күресті жалғастыруда. Оны еңсеру үшін қабылданған жаһандық деңгейдегі шектеулер барлық мемлекет үшін ауыр соққы болды. Соның салдарынан бүгінде әлем соңғы онжылдықтардағы ең күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Халықаралық қаржы қоры биыл әлемдік экономиканың құлдырауы кем дегенде 3 пайызды құрайды деп болжам жасауда. Тіпті 2008-2009 жылдардағы ауқымды қаржы дағдарысының өзі дүние жүзі экономикасына мұншалықты зардабын тигізбеген еді.
Бүгінде жаһандық экономикалық рецессия қоғамдағы қарама-қайшылықты одан әрі шиеленістіріп, ең дамыған елдердің өзінде әлеуметтік наразылықтардың күшеюіне себеп болып отыр.
Дегенмен Қазақстан коронавирустың салдарын айтарлықтай азайтып, індетті ауыздықтай алды десек, қателесе қоймаспыз. Оған біріншіден, Президентіміздің шешімімен қабылданған кешенді шаралар себеп болды. Соның нәтижесінде дерттің жаппай таралуына жол берілмеді. Одан бөлек, Мемлекет басшысы ұсынған азаматтар мен бизнесті қолдауға арналған дағдарысқа қарсы жүйелі шаралар елімізде экономикалық және әлеуметтік тоқыраудың алдын алды.
Қазақстан бір жылда әлем жұртын алаңдатқан кедергілермен бірге ел ішіндегі түрлі апаттармен де күресуге мәжбүр болды.
Бұл арада Президентті ұлықтау рәсімінен кейін бір жарым апта өткенде Арыс қаласында болған жойқын жарылысты еске алсақ жеткілікті. Өткен жылдың соңындағы Bek Air ұшағының апаты да жанымызға аяздай батты. Биылғы ақпан айында орын алған Қордайдағы жанжал ең өзекті әлеуметтік мәселелердің тұтас шоғырын көрсетіп берді. Осындай жағдайдың бәрінде Мемлекет басшысының дереу әрекет етуі халықтың сенімін күшейте түсті.
Президентіміз қарсы келген дағдарысқа және экономикалық сын-қатерлерге лайықты тойтарыс беріп, шұғыл, батыл әрі маңызды шешімдер қабылдады. Ол жарылыс болған күні Арыс қаласына арнайы барып, тұрғындармен кездесіп, оқиғаның жай-күйін өз көзімен көрді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен төтенше жағдайдың салдары өте қысқа мерзімде жойылды. Зардап шеккен әр отбасы қажетті көмек алды. Тіпті тұтас бір қала қайтадан салынды десе де артық емес.
Қ.К.Тоқаевтың лидерлік қыры мен нақты ұстанымы дағдарыс кезінде ерекше көрінді. Әсіресе шұғыл шешім қабылдау, азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асу, әр істі жеке бақылауда ұстау сияқты нақты әрекеттер халықтың қолдауына ие болды. Сол себепті қазақстандықтардың Президентке деген сенімі күннен-күнге күшейіп келеді.
Әрине, қандай да бір төтенше жағдай елдің стратегиялық мақсат-міндеттерін екінші кезекке ысыра алмайды. Сондықтан мемлекеттік аппарат туындаған мәселелерге байланысты дереу әрекет етіп қана қоймай, Президентіміздің жаңғыру жолындағы ұзақмерзімді күн тәртібін жүзеге асыруға күш жұмылдыруда.
Қазіргі таңда Мемлекет басшысының дағдарыс кезіндегі іс-әрекетімен бірге стратегиялық бастамалары да халық тарапынан қызу қолдау тауып отыр. Әлеуметтік сауалдамалардың соңғы нәтижелеріне сүйенсек, азаматтарымыздың 80 пайыздан астамы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүргізіп отырған саясатты жақтайтындарын жеткізген. Бұл бастаған істің баянды болуына үлкен септігін тигізетін факторлардың бірі екені сөзсіз.
Президенттің елді жаңғырту бағдары
Мемлекет басшысы бір жылдың ішінде жүздеген маңызды шешім қабылдады. Мұның барлығы сайып келгенде еліміздің жүйелі жаңғыру жолындағы күн тәртібін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан Президенттің елді жаңғырту бағдары – бір отырыста ғана айтылған ойлар емес, рет-ретімен жарияланып отырған бастамалар жиынтығы. Біз оларды Мемлекет басшысының сайлау алдындағы бағдарламасынан, ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінен, Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан және басқа да бағдарламалық тезистерінен аңғарамыз.
Мен бұл мақалада Қ.К.Тоқаевтың стратегиялық жоспарларының және оның басым бағыттарының бір бөлігіне ғана тоқталғым келеді.
Дағдарыстан – экономикалық дамудың жаңа кезеңіне
Президенттің экономикалық стратегиясы өте маңызды бірнеше мақсат-міндетті көздейді. Олардың негізгі тағандары ретінде біз бәсекеге қабілетті инклюзивті экономикаға көшу, кәсіпкерлер қатарын көбейту, табиғи ресурсқа тәуелділіктен арылу және отандық кәсіпкерлер мүддесін шетелдерде ілгерілету бастамаларын атай аламыз.
Мемлекет басшысы қашанда кәсіпкерлікті қолдап, бұл салаға ерекше назар аударып келеді. Себебі бизнес-ортаны дамыту арқылы үш ауқымды міндетті шешуге жол ашылады. Бизнес бірінші кезекте азаматтарды еңбекпен қамтып, олардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтеді. Екіншіден, ұлттық экономиканы өркендету арқылы оның орнықтылығын қамтамасыз етеміз. Сонымен бірге шағын және орта бизнесті дәріптеу арқылы талапты, жауапты әрі масылдық дерттен ада жасампаз азамат қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Жалпы, жаңа экономикалық стратегияны іске асыру жолындағы алғашқы қадамдар дағдарысқа дейін жасалған болатын. Президенттің тапсырмасын орындау үшін «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді, микро және шағын бизнес үш жылға табыс салығын төлеуден босатылды. Шағын бизнес субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жарияланды. Кәсіпкерлерді қолдаудың басқа да ауқымды шаралары қабылданды.
Коронавирус індеті жаһан экономикасын айтарлықтай тұралатқаны белгілі. Осыған байланысты әлемнің өзге елдері секілді Қазақстан да өзінің экономикалық даму жоспарына түзетулер енгізуге мәжбүр болды. Бизнесті қорғау үшін шұғыл түрде ауқымды қадамдар жасалды.
Соның нәтижесінде шағын және орта бизнес үшін несие төлемдері кейінге шегеріліп, айыппұлдар мен өсімдерді есептеу тоқтатылды. Одан бөлек, кәсіпкерлер еңбекақы қорына төленетін салықтан жарты жылға босатылды. Мемлекет 700 мыңнан астам бизнес субъектісіне салық ауыртпалығын төмендетті. Осындай жеңілдіктердің арқасында бизнес өкілдері дағдарыс кезінде 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеді.
Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыру үшін қосымша 1 триллион теңгеге дейін қаражат бөлінгені мәлім. Шағын және орта бизнеске жеңілдетілген мөлшерлемемен несие берілуде. Кәсіпкерлер мемлекет меншігіндегі нысандарды жалдау ақысынан босатылып, отандық тауар өндірушілер үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері оңайлатылды.
Қазіргі таңда елімізде дағдарысты еңсеру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның аясында Президенттің тапсырмасына сәйкес экономиканы қалпына келтірудің кешенді жоспары қабылданып, Мемлекеттік комиссия құрылды. Парламент дағдарыстан кейін экономикалық өсімді қамтамасыз етудің құқықтық негізін қалыптастыру үшін күш жұмылдыруда. Осы бағытта аса маңызды заң жобалары қаралып жатыр.
Мұның бәрі ел экономикасын дағдарыстан кейін жедел қалпына келтіруге зор мүмкіндік береді. Сол арқылы біз экономикалық дамудың жаңа кезеңіне берік негіз дайындап жатырмыз деуге әбден болады.
Әлеуметтік саясаттың инклюзивті үлгісі
Президенттің жаңа әлеуметтік саясаты – әділетті қоғамның мызғымас іргетасы. Оның мәнін былай ашып көрсетуге болады. Әлеуметтік мемлекетте еңбекке қабілетті әрбір адамның лайықты өмір сүруі өзінің күш-жігері мен кәсіби дамуына тікелей тәуелді. Бұл – Абай атамыз айтқандай, өзіне, еңбегі мен ақылына сенетін адамдардың қоғамы. Десек те, мұндай елде ешкім қолдаусыз қалмайды. Әрбір мұқтаж жан қашанда мемлекетке арқа сүйей алады.
Бүгінде осындай саясат әлемдік трендке айналып келеді. Себебі ішкі жалпы өнімнің көлемі экономикалық және әлеуметтік дамуды анықтайтын әмбебап құрал ретіндегі функциясын жоғалтуда. Ол көп жағдайда техникалық көрсеткіш ретінде қабылданады. Керісінше, алдыңғы қатарға халықтың әл-ауқаты, бақытты тұрмысы, инклюзивті даму, әлеуметтік өрлеу секілді жаңа индикаторлар шығуда. Сондықтан дамыған елдер адам өмірінің сапасына басымдық берілетін жалпыға ортақ игілікті мемлекет (welfare state) қалыптастыруды көздеп отыр. Мұндай мысалды біз Финляндия мен Канаданың тәжірибесінен көре аламыз.
Президент өзінің сайлау алдындағы бағдарламасының басты идеясы ретінде «Игілік баршаға!» ұстанымын белгілеген болатын. Біз мұның жалаң ұран емес екенін Қ.К.Тоқаевтың нақты тапсырмалары мен бастамаларынан анық көріп отырмыз.
Соңғы жылда атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тетіктері айтарлықтай жетілді. Ол адамды масылдыққа емес, еңбекке баулуға негізделген. Биылғы 1 қаңтардан бастап көп балалы отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы беріліп келеді. Қазірдің өзінде мұндай көмекті 400 мыңнан астам отбасы алып отыр. Аз қамтылған отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, оларға жұмысқа орналастыру, өз кәсібін ашу, тіпті жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін де қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ аз қамтылған отбасылардың балаларына кепілді әлеуметтік топтама белгіленген.
Бұдан басқа, 500 мыңнан астам адамның несиесі кешіріліп, қарызы жабылғанын білеміз. Қазіргі таңда тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ететін жаңа бағдарлама қолға алынуда.
Коронавирус пандемиясы кезінде елімізде азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған теңдессіз шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде зейнетақы мен жәрдемақыға индексация жасалды. 4,5 миллионнан астам қазақстандыққа 42,5 мың теңге көлемінде жәрдемақы төленді. 1 миллионнан астам азамат арнаулы азық-түлік қоржынын алды. Бұдан бөлек, коммуналдық тарифтер төмендетіліп, аса мұқтаж жандарға оны төлеу үшін көмек берілуде.
Сондай-ақ Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры 475 мыңнан астам отбасына 50 мың теңге көлемінде атаулы көмек көрсетті.
Адами капитал – мемлекет жетістігінің негізі. Мемлекет басшысының жаңа әлеуметтік моделі осы қағидаға табан тірейді. Соған байланысты білім және ғылым мен денсаулық сақтау саласына айрықша басымдық беріліп отыр. Оларды заман талабына сай реформалау – кезек күттірмейтін мәселе. Президент қабылдаған шешімдерге қарап, бұл оның берік ұстанымы екенін көреміз. Қ.К.Тоқаев өзінің алғашқы шешімдері арқылы педагогтердің, дәрігерлер мен мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көтергені де көпшіліктің есінде.
Мемлекет басшысының отандық білім беру саласындағы мәселелерді шешу және оны дамыту ұстанымы айқын. Президент бұл бағыттағы бағдарламалық тезистерін ұстаздардың былтырғы Тамыз кеңесінде жариялаған болатын. Сол жолы реформалардың негізгі тағандары айтылды. Олардың қатарында мұғалімдерге лайықты еңбекақы тағайындау, ұстаздардың біліктілігін арттыру, педагогтерді өз қызметіне қатысы жоқ міндеттерден босату және әлеуметтік-құқықтық тұрғыда қорғау, оқулықтардың сапасын жақсарту, білім беру саласындағы инфрақұрылымды дамыту ұстанымдары бар.
Адами капиталды дамыту мәселесі жуырда ғана өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында да кеңінен айтылды. Ол жерде Президентіміз білім беру мен ғылымға бағытталатын инвестицияны арттыру, қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты қысқарту, осы саладағы басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне тоқталды. Сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіндегі түйткілдерге де айрықша назар аударды.
Мемлекет басшысы адами капиталды дамытуға баса мән бере отырып, өзінің алдағы саясатының стратегиялық басымдықтарын нақты белгілеп берді.
Саяси реформалар – үйлесімді даму жолы
Сан алуан пікір, біртұтас ұлт. Міне, бұл – Қ.К.Тоқаевтың ішкі саясаттағы негізгі қағидаларының бірі.
Бәрімізге белгілі, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында саяси жаңғыртуды жалғастырмай, экономикалық реформаларды табысты іске асырудың мүмкін емес екенін айтты. Әрине, еліміз үшін мұндай өзгерістердің эволюциялық сипатта болуы аса маңызды. Асығыстыққа салынбай, байыпты әрі сенімді шешімдер қабылдап қана көздеген мақсатқа қол жеткізуге болады. Мемлекет басшысы қоғамды жікке бөліп, тұрақсыздық тудыратын жүйесіз саяси либерализацияға жол беруге болмайтынын тегін айтқан жоқ.
Бүгінде елімізде жалпыұлттық диалогтың жаңа моделі қалыптасып келеді. Бұл бағыттағы алғашқы қадамды да Президенттің өзі жасады. Нақты айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлының ұлықтау рәсімінен кейін қол қойған алғашқы Жарлығы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы болды.
Қазірдің өзінде бұл Кеңес өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Оның нақты нәтижелерін бәріміз көріп отырмыз. Президент Ұлттық кеңестің төрағасы ретінде өзінің алғашқы саяси реформалар топтамасын дәл осы алаңда жариялаған болатын. Яғни, Мемлекет басшысы саяси партияларды тіркеу талабын екі есеге қысқарту, партия тізімінде жастар мен әйелдер үшін 30 пайыздық квота бөлу, парламенттік оппозиция институтын заңдастыру, бейбіт жиындарды ұйымдастырудың хабарландыру тәртібін бекіту, жала жабу бабын декриминализациялау секілді нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Бұл бастамалардың барлығы еліміздегі демократиялық үдерісті одан әрі дамытуға ықпал етіп, азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге араласу мүмкіндігін арттыра түседі. Қазіргі таңда жарияланған алғашқы саяси реформалар топтамасы заң жүзінде толықтай рәсімделіп болды.
Осы ретте қоғамдық диалогтың нығайып, жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін айта кеткен жөн. Мұның барлығы Қазақстандағы саяси жаңғыру бастамасы бос сөз емес, Мемлекет басшысының нық әрі айнымас ұстанымы екенін айқындай түседі. Бұл елімізде өзіндік саяси реформалар моделі қалыптасқанын және оның байыпты, жүйелі түрде жүзеге асырылып келе жатқанын нақты дәлелдейді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – заман талабы
Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы өте маңызды қағиданы қалыптастырады. Бұл – билікке азаматтарды алаңдатқан мәселелерді анықтап қана қоймай, қоғамның талап-тілегіне дер кезінде жауап қату міндетін жүктейді. Мұндай жағдай мемлекеттік қызметшіге де жаңа талап қояды. Мемлекеттік жүйеде елін дамытуды және халқының әл-ауқатын арттыруды мақсат тұтқан адамдар қызмет етуге тиіс.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» үшін қоғамдық пікір аса маңызды әрі құнды. Сондықтан ел тұрмысына тікелей әсер ететін шешімдер халықпен ақылдаса отырып қабылдануы қажет. Билік өзінің әрбір қадамын елге түсіндіріп отыруы шарт. Мемлекеттік аппарат қаншалықты ашық әрі диалогқа дайын болса, өзінің қызметін де тиімді жүргізе алады. Бұл жерде жалаң науқаншылдыққа, бюрократизмге және азаматтардың өтініш-тілегіне атүсті қарауға жол берілмеуі керек.
Осы орайда Мемлекет басшысының өзі қоғаммен сенімді қарым-қатынас орнатудың озық үлгісін көрсетіп жүргенін атап өткім келеді. Президенттің ашық, диалогқа дайын тұлға екені бәрімізге белгілі. Әлеуметтік желіде де белсенді. Қабылдаған шешімдерін халыққа мұқият түсіндіріп, қоғамда талқыланып жатқан мәселелерге жедел пікір білдіріп отырады.
Қасым-Жомарт Кемелұлының мемлекеттік аппаратты жаңғырту бастамасы да уақтылы қолға алынды. Осы мақсатпен Президентіміз жастар кадрлық резервін қалыптастыруды ұсынды. Талантты, талапты, креативті жастарды мемлекеттік қызметке шақырды. Нәтижесінде, арнайы резерв жасақталып, оның қатарына түрлі салада қызмет етіп жүрген жігерлі әрі патриот жас мамандар қабылданды. Қазірдің өзінде олардың көбі мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты лауазымдарға тағайындалып, ел игілігі үшін қызмет етіп жүр.
Мемлекеттің дамуын тежейтін кедергілердің бірі сыбайлас жемқорлық екені мәлім. Сондықтан Президентіміздің тапсырмасымен мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілуде. Бұдан былай қарамағындағы қызметкердің жемқорлық әрекеті үшін бірінші басшы жауапты болады. Бұл мәселе заңмен реттелген. Осы орайда нормативтік-құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу енгізілгенін де атап өткім келеді. Сонымен бірге құқық қорғау органдарын жаңғырту жұмысы да жүйелі жалғасуда.
Мемлекет басшысы еліміздің сот жүйесін реформалау мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Соның нәтижесінде соттар жұмысының жаңа форматын енгізу, сот ісін жүргізу процесін оңтайландыру және цифрландыру шаралары қолға алынуда. Бұл сот жүйесі мен оның рәсімдерінің кез келген тарапқа түсінікті, қолжетімді, ашық болуын қамтамасыз етеді. Парламент бұл нормаларды қамтитын тиісті заңды қабылдады.
Президенттің осы бастамалары мемлекеттік институттардың жұмысын жаңаша құруға мүмкіндік беріп отыр. Сол арқылы азаматтардың мүддесін бәрінен жоғары қоятын және өз қызметін тиімді әрі ашық жүргізетін заманауи мемлекеттік аппарат қалыптасады деп сенеміз.
Патриотизм – ұлт бірлігінің негізі
Президент ұлтымыздың рухани жаңғыруына, әр азаматтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға айрықша мән беріп отыр.
Өткен жылдың қазан айында Ақтау қаласында Қ.К.Тоқаев көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбайұлына арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты. Мемлекет басшысы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде «патриотизмнің үш тұғыры» деп аталатын жаңа тұжырымдамасын жариялаған болатын.
Қасым-Жомарт Кемелұлы одан кейін де өзінің бұл ұстанымдарын бірнеше мәрте тарқата түсіндіріп, бекіте түскенін білеміз. Бұған Президенттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы және Волонтер жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзі дәлел.
Патриотизм адамның Отанға деген махаббаты және ұлттың береке-бірлікке деген ұмтылысы екені белгілі. Әрине, бұл ұғымның ауқымы кең, мағынасы терең. Президентіміздің пайымдауынша, патриотизм – жалпыұлттық өрлеудің маңызды шарты.
Сол себепті аталған үш тұғыр абстрактілі ұғымдардан емес, нақты, анық өлшемдерден тұрады. Мұны еліміздің кез келген азаматы, әсіресе жастарымыз бағдар етіп ұстануға тиіс. Осы тұста үш тұғыр қандай қасиеттерге арқа сүйейтінін айта кеткеніміз жөн болар. Әрбір патриот азамат, біріншіден, төл тарихымыз бен шыққан тегімізді терең білуге, екіншіден, мемлекетімізді және мемлекеттік институттарымызды құрметтеуге тиіс. Үшіншіден, жеке тұлға ретінде дамуы және еліне пайдасын тигізуі үшін өзін үнемі адами, кәсіби тұрғыдан шыңдап отыруы қажет.
Президент хакім Абайдың мерейтойына арнаған мақаласында ұлт болашағына қатысты келелі ойларын ортаға салды. Мақалада Мемлекет басшысы «Толық адам» формуласына айрықша тоқталғаны есімізде. Бұл ұғымның ағылшын тіліндегі «A man of integrity» терминімен сабақтас екеніне де назар аударған.
Заманында ұлы ойшыл «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп «Толық адамның» тұлғасын нақты сомдағаны белгілі. Міне, осылар – біздің бүгінімізге де, келешегімізге де темірқазық болатын қастерлі қасиеттер. Сол себепті, Президент айтқан болашақ қазақстандықтың үлгілі бейнесі данышпан Абайдың «Толық адам» идеясымен үндесіп жатыр.
Бұл жыл Абай мерейтойынан бөлек өзге де маңызды даталарға толы. Олардың қатарында Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Алтын Орданың 750 жылдығын атап айтсақ болады. Сонымен қатар биыл Президентіміздің ұсынысымен Абайдың туған жері – Семей қаласына тарихи орталық мәртебесі берілді. Мұның барлығы халқымызды өзіне ғана тән ұлттық құндылықтардың аясына топтастырады және бірлікке үндейді.
Ел руханиятының негізгі тіректерінің бірі – парасатты патриотизм бүгінгі еріктілер қозғалысынан да көрініс табуда. Бұл қозғалыс Мемлекет басшысы көтерген бастамалардың тағы бірі – Волонтер жылының арқасында мүлде жаңа биікке көтеріліп отыр. Әсіресе елімізде және әлемде орын алған төтенше жағдайлар еріктілер қозғалысының аса қажет және қазақстандықтардың ел игілігі жолында адал қызмет етуге қашан да дайын екенін айқын көрсетті. Мыңдаған ерікті азамат коронавирус пандемиясының және карантиннің салдарынан қиын жағдайға тап болған жандарға көмек қолын созуда. Қасым-Жомарт Кемелұлы бастап берген «Birgemiz» акциясының жалпыхалықтық сипатқа ие болғаны мерейімізді өсіріп, жанымызды жадыратқанын айтуымыз керек. Біз мұны тарыққанға демеу, әлсізге қорған бола білетін халқымыздың ізгі қасиеттерінің арқасы деп қабылдаймыз.
Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі – ел Президентінің айрықша назарында. Қ.К.Тоқаев алғаш рет «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген тұжырымды алға шығарып отыр. Бұл – тың, прагматикалық идея, болашақтың бейнесін бағдарлаған байсалды ой. Президентіміздің пайымдауынша, мемлекеттік тіл этностық топтардың әралуандығына қарамастан, ортақ қарым-қатынас құралына айналуы шарт. Қазақ тілі бірегей мазмұн қалыптастыруға, озық ғылыми білімдер мен заманауи пайымдарды тудыруға әлеуетті болуы керек. Ана тіліміздің латын графикасына біртіндеп әрі байыппен көшуінің арқасында бұл бағытта жаңа мүмкіндіктер ашылары сөзсіз.
Рухани байлық, патриотизм құндылығы, мемлекеттік тілді дамыту – елдің жетістікке жетуінің кепілі. Егер азаматтарымызды Отанға деген махаббат, тарих пен ата-баба мұрасына құрмет, тұлғалық дамуға ұмтылыс және айналасындағы жандарға жанашырлық қасиеттері жұмылдыратын болса, еліміз кез келген қиындықты еңсеріп, алда тұрған мақсаттарға еркін қол жеткізеді. Сондықтан Президентіміз бұл бағытты да әрдайым басты назарда ұстап келеді.
* * *
Былтыр елімізде көптеген маңызды шешімдер қабылданып, стратегиялық бастамалар көтерілді. Қолға алынған істердің барлығының түпнегізінде азаматтарға деген зор қамқорлық пен олардың әл-ауқатын жақсартуға деген талпыныс жатыр.
Президент сайлау алдындағы бағдарламасында Елбасы саясатының сабақтастығын сақтауға, елді өрлеуге бастайтын еңбексүйгіш әрі жауапты азаматтардың әділетті қоғамын құруға, сонымен бірге әрбір қазақстандықтың тұрмыс сапасын арттыруға уәде берген болатын. Міне, осы идеялардың бүгінде ақиқатқа айналып келе жатқанын көріп отырмыз.
Қазіргі таңда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекет пен қоғам өмірінің барлық саласына елеулі өзгеріс енгізу және жаңғырту бастамасы аясында нақты жұмыстар жүргізілуде. Егер белгіленген жоспарлардың барлығын іске асыратын болсақ, дамыған елдердің стандарттарына бір табан жақындай түсетініміз анық. Сол арқылы ортақ Отанымыз – Қазақстанды XXI ғасырдағы ашық, құқықтық, әлеуметтік, өркендеген елге айналдыруға елеулі үлес қосамыз.
Сондықтан Мемлекет басшысының елімізді жаңғырту бағдарламасын тиімді іске асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат, қоғамдық институттар мен ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтар күш біріктіруі керек.
Халқымыз тарихтың талай тар кезеңін бекем бірліктің, қайсар ерліктің арқасында еңсергенін жақсы білеміз. Қазақта «Ынтымақ түбі – игілік» деген аталы сөз бар. Ұлтымыздың ғасырлар бойы сақталып келген ырыс-ынтымағы алдағы уақытта да тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетіп, Мәңгілік елдің айбынын асқақтатады деп сенеміз. Президентіміздің сабақтастық, әділдік, өрлеу қағидаларына табан тіреген салиқалы саясатының басты мақсаты да осы.
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы