Үкімет отырысында Премьер-Министр бүгінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының жай-күйі бойынша күрделі жағдай қалыптасқанын баса айтты, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
- Жақында мысал ретінде Маңғыстаудағы атом электр станциясындағы апатты келтіруге болады, соның салдарынан Атырау мен Маңғыстау облыстары жарықсыз қалды. Өткен жылыту маусымы да көптеген мәселелердің бетін ашты, - деді Премьер-Министр.
Ол барлық инфрақұрылымдық нысандардың үздіксіз жұмыс жасауы үшін үлкен инвестицияны қажет ететінін, өйткені олардың көпшілігі өткен ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келе жатқанын айтты.
- Тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін тиімді жаңғырту және күрделі жөндеу үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы ұсынылды. Бұл тәсіл энергия өндіруші ұйымдардың қолданыстағы активтерін қайта құруға, жаңғыртуға және кеңейтуге, энергетикалық жүйенің сенімділігін арттыруға және жабдықтардың тозуын азайтуға мүмкіндік береді, - деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, биылғы жылы халық үшін тарифтердің өсуі 10-30% құрайды, бұл өте қалыпты өсім, онсыз тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын тиімді ұстау мүмкін емес.
- Тарифтер мәселесінде біз алтын ортаны ұстануымыз керек. Саланы дамыту қажеттілігімен қатар, халықтың мүмкіндіктерін де ескеру қажет, - деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы үш жылдан астам уақыт бойы елдегі коммуналдық кәсіпорындарың ешқандай кіріссіз жұмыс істегенін, сондықтан жөндеу мен жаңғыртуға қаражат артылмағанын атап өтті. Бұған дейінгі жөндеу жұмыстары мемлекет есебінен немесе қарыз капиталын тарту арқылы жүргізілгенін айтты.
Сонымен қатар, электр нысандарының жөндеу жұмыстары он есеге қымбаттады. Металл прокатына, құбырларға, арматураларға, темір бөлшектеріне (подшипник), сорғыларға, электр жабдықтарына және т.б. бағаның айтарлықтай өсуі байқалды. Энергетика саласының жалақысы төмен болғандықтан, білікті мамандардың кетуі байқалған. Сонымен қатар кәсіпорындар өздерінің еңбек жағдайларын тартымды ете алмай келді.
- Сондықтан тарифтерді көтеру қажет. Ал «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асырған кезде тарифті көтеруден түсетін пайда біреудің қалтасына емес, өндірісті нақты жаңғыртуға кететініне сенімді боламыз. Жаңа саясат тарифтерді белгілеудің бүкіл процесінің ашықтық, есеп берушілік және жариялылық қағидаттарына негізделетін болады. Тиісті заңнамалық түзетулер мен нормативтік құқықтық актілер қабылданды, - деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр атап өткендей, бұған дейін мемлекет табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары мен тарифтерін реттей алмаған. Енді бұл кемшілік жойылмақ. Дегенмен, тарифтердің көтерілуі аз қамтылған отбасылардың кірісіне әсер етпейтінін қадап айтты.
- Жергілікті бюджеттер есебінен аз қамтылған отбасыларға коммуналдық төлемдерді төлеу үшін тұрғын үй көмегі көрсетіледі. Коммуналдық шығындар деңгейі отбасының орташа айлық жиынтық табысының 10% асқан жағдайда төленеді, - деді Үкімет басшысы.
Жалпы, барлық коммуналдық қызметтерге орташа чек 3-4 мың теңгеге артады.
- Жылу үшін 2 бөлмелі пәтердің орташа есепшоты 1620 теңгеге немесе 20%-ға өседі. Электрмен жабдықтау саласында 19 кәсіпорынның тозу деңгейі 70%-дан асса, оның ішінде 16 кәсіпорынға инвестициялық бағдарламалар бекітілген. Биыл бұл салаға 92 миллиард теңге инвестиция тартылған. Күтілетін нәтиже тек биылғы жылы желінің тозуын 64%-дан 62%-ға дейін төмендетуді болжайды. 2 бөлмелі пәтердің орташа төлемі 660 теңгеге немесе 20%-ға артады. Сумен жабдықтау саласында 15 кәсіпорында тозу деңгейі 70 пайыздан асады, оның ішінде 13 кәсіпорынға инвестициялық бағдарламалар бекітілген. Биыл бұл салаға 29,5 миллиард теңге инвестиция тартылған. Биылғы жылы күтілетін нәтиже желінің тозуының 63%-дан 58%-ға дейін төмендеуін болжайды, 2024 жылы 8 кәсіпорын қызыл аймақтан шығады. 2 бөлмелі пәтердің орташа чегі 200 теңгеге немесе 25%-ға артады. Сумен жабдықтау саласында 26 кәсіпорында тозу деңгейі 70%-дан асады, оның ішінде 23 кәсіпорынға инвестициялық бағдарламалар бекітілген. Биыл бұл салаға 15,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Ағымдағы жылы күтілетін нәтиже желінің тозуын 74%-дан 71%-ға дейін төмендеуін болжайды. 2024 жылы 3 кәсіпорын қызыл аймақтан шығады. 2 бөлмелі пәтердің орташа чегі 220 теңгеге немесе 30%-ға өседі, - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантиров.
Қазіргі таңда орталық және жергілікті атқарушы органдар коммуналдық салада ауқымды жұмыстар атқаруда. Сондықтан ешбір өңір жылыту маусымында кедергіге тап болмауы және ірі апаттарға жол бермеуі керек.
- Жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес қатаң түрде жүргізілуі керек. Биыл 6 000 шақырымға жуық инженерлік желі жөнделеді. Бұл тез арада жаңғыртуды қажет ететін тозығы жеткен инфрақұрылым нысандары. 25 000 шақырымнан астам иесіз инженерлік желілер монополистердің қолына беріледі. Оларды ретке келтіру керек. Барлық өзгерістерді тұрғындар сезінуі керек, - деді Премьер-Министр.
Жиын соңында Үкімет басшысы Қаржы министрлігі мен Қаржылық мониторинг агенттігіне коммуналдық кәсіпорындар мен станциялардың инвестициялық бағдарламаларды тиісінше орындауын бақылауды қамтамасыз етуді, Ұлттық экономика министрлігіне, Энергетика министрлігіне және Индустрия министрлігіне тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеуді және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді тапсырды.