Франция астанасында келер жылы өтетін Париж Олимпиадасы кезінде метро билетінің бағасы екі есеге қымбаттамақ. Бұл қымбатшылық тек төрт жылдықтың басты жарысын тамашалауға келген туристер үшін жасалып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Еuronews-тің жазуынша, 2,10 еуро тұратын метро билеті енді туристер үшін 4 еуроны құрайды. Аталған шешімді Иль-де-Франс қоғамдық көлік қызметін реттейтін қызмет басшысы Валери Пекресс мәлімдеді. Оның сөзінше, билет бағасы жергілікті тұрғындар үшін бұрынғы күйінде қала береді. Ал елге келетін туристерге 2024 жылдың 20 шілдесінен бастап метро билеті 4 еуроға сатылады.
Ел билігі өкілдерінің айтуынша, Олимпиада кезінде қоғамдық көлік жүктемесі бірнеше есеге дейін артып, мемлекетке 200 млн еуро көлемінде шығын келетін көрінеді. Ал бұл олқылықты толтыру туристердің есебінен жүзеге аспақ.
«Олимпиада және Параолимпиада кезінде le-de-France Mobilités компаниясы қоғамдық көлік бағасын қымбаттатады. Бұл ретте париждіктердің қалтасына шығын келтіру көзделмейді. Сондықтан оларға билет бұрынғы бағамен сатыла береді. Сондықтан біз күніне 16 еуро белгілеп, бұны әділетті шешімге балап отырмыз. Ал апталық билет бағасы 70 еуроға бағаланды. Ал метро билетінің құны 4 еуро болады. Бұдан бөлек, электрлік көліктердің билет құны 6 еуро болып бекітілді. Бұл жүйе 2024 жылдың 20 шілдесінен 8 қыркүйек күндері аралығында жүзеге асады», - деді өз үндеуінде Пекерсс мырза.