Бұл туралы finprom.kz сайты хабарлады. Әуе компанияларының табысы бір жылда 16% - ға артқан.
Өткен жылдың қаңтар–қараша айларында ҚР әуе көлігімен өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 7,5% - ға артық адам тасымалданған. finprom.kz сайтының мәліметінше, бұл бүкіл тарихтағы жолаушылардың ең көп саны.
Сонымен қатар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның әуежайлары ағымдағы жылдың 10 айында 14,8 млн жолаушыға қызмет көрсетті. Ведомствоның мәліметінше, 2018 жылы отандық әуежайлар 15 млн жолаушыға қызмет көрсетті: ішкі рейстер бойынша — 9 млн, халықаралық рейстер бойынша — 6 млн.адам.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2019 жылдың 1 қарашасынан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл және Семей қалаларының әуежайларында шетелдік әуетасымалдаушылар үшін үш жылға "ашық аспан" режимін енгізді.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметтері бойынша, Қазақстанда "ашық аспан" режимін енгізу жаңа шетелдік тасымалдаушыларды тартуға, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға, бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді және ақырында авиабилеттер құнының төмендеуіне және халықтың қалың жігі үшін әуе көлігінің қолжетімділігін арттыруға, сондай-ақ туризмді дамытуға және "Астана"халықаралық қаржы орталығының көліктік қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.
Өткен жылы жолаушылар ағымының өсуімен әуе көлігі кәсіпорындары кірістерінің айтарлықтай артуы байқалады: қаңтар–қараша айларында авиа тасымалдаушылардың табысы 16,4% - ға артып, 369,2 млрд теңгені құраған.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ