Маңғыстау облысындағы джиу-джитсу федерациясының аға бапкері Болат Дүйсенбиев ҚР мәдениет және спорт министрлігінің "Құрметті спорт қызметкері" төсбелгісімен марапатталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Ал Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт саласының "Жыл үздігі-2019" байқауында Болат Закарияұлының шәкірттері топ жарды.
Әбу-Бәкір Жәнібеков "Ерлер арасында үздік спортшы" атағына ие болса, Алия Тлепова мен Азамат Абаев Маңғыстау облысындағы спорт саласының дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімі Серікбай Трұмовтың алғыс хатын алды.
Биыл маңғыстаулық джитсерлердің облыстағы спорт саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқаны көзі қарақты, құлағы түрікті көрерменге белгілі. Джиу-джитсу деп аталатын ең жас спорт түрін насихаттауда бапкерлердің еңбегі ерен. Осы өңірден Гранд Слэм және басқа да байрақты бәсекелердің, әлем біріншілігінің чемпионы мен жүлдегерлерінің шығуы - соған дәлел.
Махаббат Нұржанқызы