AKTAU OPEN FEST-2016 фестивалі биыл 15-17 қыркүйек аралығында өтпек. Халықты бір алаңға жинап, әдебиет, музыка, би, спорт, арт-дизайн салаларынан түрлі сайыстар мен қызықты шаралар өткізілетін маусым да келіп жетті. Дәстүрлі түрде тамыздың аяғында ғана өтетін фестивалдің биыл қыркүйекте өткізілуі тегін емес. Себебі, бұл жоба күз айында мектепке, жоғары оқу орындарына ағылатын жастарға тың серпіліс әкелуі тиіс. Ал Маңғыстау туризмін дамыту үшін мұндай шаралар ұйымдастыру қажет-ақ.
«Алматы, Астана сияқты орталықтарда ғана мәдени интелектуалдық орта бар. Ауқымды фестивалдер мен әйгілі конкурстар тек сол қалаларда өтуі керек» деген жалаң түсініктен арылатын кез жетті дейді ұйымдастырушылар. Қайткенмен де, қалың жұртты өнер, спорт, білімге баулу үшін мегаполистергетартып кетудің қажеті жоқ. Кішігірім қалада-ақ өз өнеріңді танытып, елге пайдалы, әрі қызықты шаралар ұйымдастыруға болады. Бастысы, адамда ниет пен ынта болса жеткілікті.
Биылғы фестиваль бұрынғыдан өзгеше
Биыл бұл шараны кең әрі ауқымды етіп ұйымдастыру көзделгенін байқауға болады. Өйткені, қанша дегенмен, сирек ойналатын би-спорт түрлері үлкендердің көзіне оғаш, құлаққа түрпідей тиетіні жасырын емес. Ал мұндай фестивалді кішкене бала мен еңкейген кәріге де қызықты етіп өткізу үшін қандай бағдарламалар қосқан жөн? Ұйымдастырушылардан осы тақілеттес сұрақтарға жауап іздедік.
Фестиваль штабы төрағасы, Маңғыстау облысы баскетбол федерациясының президенті Самсон Аракелян:
— Бұрынғыдай AKTAU OPEN FEST тек жастар фестивалі деп аталатын деңгейден өттік. 3-4 жыл бұрынғы фестивалмен қазіргіні салыстыруға келмейді. Осы жолы барлық жастағы тұрғындарды тарту үшін алтын сақа, атан жілік, арқан тарту, қазақша күрес, сондай-ақ, сурет көрмелері мен сән үлгілерін көрсету жобаларын қосып отырмыз. Сондай-ақ, спорт пен өнерді бір арнаға тоғыстыру арқылы сайыс күйінде әрі концерттік бағыттағы кеш өткізуді қолға алдық. Шын мәнінде, спортшылардың да, музыканттардың да мақсаты бір. Бірі жастардың шығармашылыққа бет бұруына мүмкіндік берсе, екіншісі денсаулықты жақсартуға, спортқа қызықтыруды көздейді. Яғни, екі саланы бір алаңда біріктіре отырып, Ақтау тұрғындарының табиғат аясында жақсы демалып, көңіл көтеруіне жағдай жасаймыз. AKTAU OPEN FEST арқылы workout Ақтауға кең насихатталды деп айта аламын. Мәселен, бірнеше жыл бұрын осы спорт үшін орнатылған турниктерді қазір жағалаумен жүгіретін тұрғындардың көбі пайдаланып жүр. Яғни, street workout – жас талғамайтын ерекше спорт түрі. Негізінен, Маңғыстаудың атын шығарып жүрген спорт түрі – баскетбол. Бұл біз үшін таңсық емес. Өйткені, баскетболдан кәсіби клуб, баскетбол федерациясы облыста бұрыннан жұмыс атқарып жатыр.
3х3 баскетбол жарысын ұйымдастырушы, «Каспий» баскетбол клубы командасының басшысы Айзақов Қазыбек:
— Маңғыстау спортшылары 3х3 баскетболмен 5-6 жылдан бері табанды ойнап келеді. Әлемдік командалармен сынға түсетін деңгейге жетті деп айта аламын. Бұл баскетбол түрінің ерекшелігі сол, нәтижені болжау қиынға түседі. 4-5 секунд ішінде-ақ қарсыласына гол салып, бірден ұтысқа жетуге болады. Фестиваль аясында 14 команда таңдалып алынды. Жылдар бойы үздіксіз дайындалып, тек іріктеуден өткен командалар ғана фестивалде өз өнерін көрсетеді. Ал әйгілі төрешілер – Артюшихин Александр мен Лоншаков Михаил. Сайыста 1-орын алған командаға – 300 мың, 2-орынға – 150 мың, 3- орынға – 50 мың теңге көлемінде сыйақы беру жоспарлануда.
«Amal Talks Motivation» конференциясын ұйымдастырушы, IT маманы Тимур Бектұр:
— «Amaltalks» алаңында осы жолы фестивалге келетін белгілі спортшылар, музыканттар мен дизайнерлер сөз сөйлейді. Олар өмірден, спорт саласынан түйген ойлары мен жетістіктері туралы айтып шектелмейді. Баланы спортқа, өнерге баулу үшін қалай мотивация беру керек? Ата-ана мен бала спортты, өнер түрі мен мұғалімді қалай таңдаған дұрыс? Бұл сұрақтар кез келген көзі ашық, көкірегі ояу азаматты ойлантатыны рас. Сол себепті біз фестивалге келетін қонақтармен ашық әңгіме өткізуді көздеп отырмыз.
«AKTAU OPEN FEST-2016» бағдарламасы қандай?
Бұған дейін 3 жыл қатарынан ұйымдастырылған «AKTAU OPEN FEST» несімен есте қалды?
Енді болжам жасап көрелік. 200 мыңға жуық тұрғыны бар Ақтау қаласына фестиваль үшін 80 мыңға жуық көрермен келеді деп жоспарланыпты.
Фестивалдің алғашқы күні. «Тіл таңбалы ақындар» 5 томдық кітабының тұсауы кесіледі. Бүкілхалықтық шараның ашылуына Т.Асар, С.Байғожин, Н.Өнербаев сынды өнер жұлдыздары қатысады.
Екінші күн.Ұлттық ойындардан алтын сақа, атан жілік, арқан тарту, қазақша күрес, 3х3 форматындағы баскетболдан әлем біріншілігі (Big Som, L’One, Карандаш, Ригос сынды әйгілі әншілерден тұратын команда), street workout-тан облыс біріншілігі, брейк-данс бойынша Caspian battle-дан халықаралық турнир, ережесіз жекпе-жектен біріншілік және BMX-дан (экстремалды велосипед мотокросы) көрсетілім өтеді. Сондай-ақ «Amal Talks Motivation» атауымен өтетін мәжіліске спортшылар, әртістер, дизайнерлер қатысады. Арт фестивальда сурет көрмесі және көрермендер үшін шеберлік сыныбы, «Сән мен сахна» халықаралық көрсетілімі өткізіледі. Шараның екінші күні марапаттау рәсімі, «Формат» тобы және Жанар Дұғалова өнер көрсетеді.
Үшінші күн. Толықтай спорттық шараларға арналады. Ал фестиваль еліміздің және ресейлік өнер жұлдыздарының концертімен және отшашумен қорытындыланады.
Сонымен бірге, AKTAU OPEN FEST-2016 аясында ММА бойынша Чемпионат (Ережесіз жекпе-жек), NFC-6 халықаралық турнирі, 10 кәсіби жекпе-жек өтеді. NFC нұсқасындағы панкратион бойынша Азия чемпионы белдігі үшін негізгі жекпе-жекті Илияс Чынгызбек Уулы (Қырғызстан) мен Дамир Исмағұлов (Қазақстан) жүргізеді.
Фестиваль несімен есте қалады?
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жылы 6 жаңа спорт алаңы (workout бойынша) салынып, қолданысқа беріледі. Соның арқасында, былтырғы жарыстар барысында 14-шағын ауданда салынған турниктерге кезек сейіліп, workout сияқты спортпен басқа шағын аудандарда да айналысуға болады деген сөз. «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаны дамыту қоры қатысушыларға қажетті сыйлықтар таңдағанда да, жыл бойы спорт үшін кәдеге жарайтын құрал-жабдықтарды алуды ескерген екен. Мәселен, кроссовка, спорт киімін сыйлыққа алған баланың спортқа деген қызығушылығы одан сайын артатыны сөзсіз.
Өкінішке қарай, Маңғыстаудың өзге аудандарындағы спортпен айналысуға Ақтаудағыдай жағдай қарастырылмаған. Осыны қаперге алған ұйымдастырушы Самсон Аракелян: «Мұндай спорт алаңдары мен турниктер ауылдарда да салынуы қажет, ниет білдірген жастар өте көп», — дейді.
Алиев Рустам 17 жаста. Ол 4 жылдан бері Street Workout-пен үздіксіз айналысып келеді. «Мен «AKTAU OPEN FEST» тұңғыш рет Ақтауда болған күні балалардың турникке тартылып жатқанын көріп қатты қызықтым», — дейді ол. «Бүкіл денең қозғалып, шымыр боласың. Еш жерің ауырмайды. Ал мұндай жарыстар өткен сайын, бұл спорт түрін белсене үйрене бастадым. Менің достарым да street workoutқа қызығады. Уақытты босқа құртып, пайдасыз істерге әуес болғанша, осы жақсы емес пе?» — дейді Рустам. Өкініштісі, ол жаттығу үшін Ақтау қаласына қатынауға тура келеді. Өйткені Рустам – «Атамекен» ауылының тұрғыны.
Фестиваль халықтың санасында қалай есте қалады деген заңды сұрақ туады. Яғни, көзді ашып-жұмғанша фестиваль үш күн ішінде өте шықса, нәтиже қандай болмақ? Мұның бәрі аяқталған соң, жастар ары қарайда сол саланы жалғастырғаны дұрыс. Бұл уақыттың еншісінде. Фестивалге бөлінетін қаражат жоғарыда айтылған жылы жылтырақ отшашулар мен әйгілі әншілердің кешімен ғана емес, спорт алаңдары және өнер орталықтары, мастер-класстың өту нәтижесімен көрінеді. Бұл шарадан кейін әйгілі сурет көрсетілімдері қалада орнатылып, жаңа спорт алаңдары тұрғындар үшін тегін қолдануға беріледі деген сенім бар.
Айгүл ДӘДЕН