Ақтауда Құрбан айт мерекесі атап өтілді
[ 2016 ] 13 қыркүйек, 09:23 | Жаңалықтар
Жақсылық пен мейірім мерекесі – Құрбан айт
Бүкіл әлем мұсылмандары зор қуанышпен күткен қасиетті Құрбан айт мейрамы Ақтау қалалық Бекет ата мешітінде де атап өтілді. Алғашқы күні айт намазына жиналған жамағат дастархан басында көңілді қауышып, мейрамның қадір-қасиетін айтысты. Мешіт ауласында тұрғындар құрбандық шалып, жоқ-жітіктер мен мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсетті.
Айт намазына жиналған жас-кәрі жамағат бір қатарға тұрып, Алланың ризалығы үшін ниет етісті. Ұлық мерекенің мұсылман баласы үшін орны бөлек. Әлем діндерінің асылы – ислам адамдарды мейірімділік пен имандылыққа үндейді.
- Қадірі асқан құрбан айт мерекесі күндері жандарға қуаныш сыйлап, көңілдерге иман ұялайды деп сенемін. Барлық адамдарға тек жақсылықпен тіл қатып, мейіріммен қол созған абзал. Мерекенің мән-мағынасы да осыда,-дейді Ақтау қалалық Бекет ата мешітінің бас имамы Дүйсен қажы Хаснияз.
- Құрбан айт – ұлық мереке. Бұл – шындықты айтатын, ақ пен қараны айыратын күн. Қазақ «Өлгендерді жарылқап, тірілерге мейірім бер» деп, бұл мейрамға аса мән берген. Жыл сайын бұл күндері мешітке келіп, құрбандық шалып, отбасыма амандық, еліме тыныштық сұраймын,- дейді Ақтау қаласының тұрғыны Ш.Өрісбаева.
- Құрбан айт мерекесі адамдарды діні мен ұлтына, сенімі мен нәсіліне қарамай біріктіреді. Көптеген ұлты өзге жандар бұл күндері мешітке келіп садақаларын беріп, ізгі тілек тілейді. Жақсылық пен адамгершілікке шақыратын күні тұрғындардың белсенділігі артып, мұқтаж жандарға қол ұшын берушілер қатарының көбеюі қуантады,-дейді облыс әкімінің орынбасары Ш.Илмұханбетова.
Таңертең ертемен мешіт үйіне ағылған тұрғындардың бәрі де ақ көңілмен, таза пейілмен Аллаға шүкіршілік айтып, бір-біріне тек ізгі тілектерін арнады. Ең бастысы – мешіттің тізімінде тұрған жүздеген тұрмысы төмен, көп балалы отбасыларға көмек көрсетілді. Құрбан айтта сауапты іске ұмтылған жандардың қарасында шек болмады.
Анар ШАМШАДИНОВА
1087
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.