«Ел мен елді, халық пен халықты, ұлт пен ұлтты теңестіретін нәрсе – білім» деген еді Мұхтар Әуезов. Иә, бой таластыратын емес, ой таластыратын заманда кім-кім де білім теңізіне сүңгіп, тұнығынан қанып ішкісі келетіні рас. Бәсекеге қабілетті оқушы дайындауда мектеп бағдарламасының аздық ететін тұстары бар екені соңғы жылдары айқын байқалып жүр. Сондықтан дамыған отыз елдің ортасынан орын алуды мақсат тұтқан мемлекеттің болашағын дайындауда қосымша білім беру орталықтарының алар орны ерекше. Аудан орталығында екі-үш жыл бұрын мұндай орталықтар жоқ еді, баласына жан-жақты білім беруді көздеген ата-аналар қайда барарын білмей дал болатын. Бүгінде қосымша білім беру орталықтары бірлі жарым болса да бой көтерді, бұл халық сұранысының артуынан туындап жатқан мәселе екендігі белгілі. Жаңа оқу жылында аудандағы осындай орталықтардың саны біреуге артып, жеке кәсіпкер Ж.Ермеков «Архимедка» зердені дамыту орталығын ашты.
Балаларға ментальді арифметика, ағылшын, орыс тілдері және математика бағыты бойынша білім беретін нысанда қолөнер, сурет, шахмат үйірмелері де жұмыс жасайтын болады. Іс басындағылар білікті мұғалімдердің әлеуетін пайдаланып білімді ұрпақ тәрбиелеуді мақсат тұтып отыр.
– «Қосымша білім беру орталықтарының көбеюі – еліміздің білім саласының сапасын арттыруға тигізер пайдасы мол. Өйткені, біздің мектептер бәсекеге қабілетті болуы керек. Мен бұл бағытта жұмыс істеуіме түрткі болған екі себеп, бірі қосымша сабақ беретін жақсы мұғалім іздеген ата-аналардың өтініші және сапалы білім бере алатын ұжым қалыптастыру, екінші қазақ тілді қосымша материалдардың кемшілігінің орнын толықтыру. Осы екі мақсатты орындау үшін облысымыздағы белді мұғалімдерді топтастырып, шәкірт тәрбиелеп, елдің ертеңгі ұрпағына азық боларлық қор жинау. Жұмыстанған жылдар ішінде үлкен тәжірибе жинадық, жаңа кабинеттер мен әдістемелік құралдар дайындадық, сапалы білім іздеген ата-аналардың сенімін ақтаймыз деген ойдамын, - дейді орталық директоры Ж.Ермеков.
Бұл оталық әрбір оқушының дүниетанымының дамуына көмек беріп, өзіндік тұлғасын қалыптастыруды қамтамасыз етеді деген үміт бар.
М. КӘДІРБАЕВ