1-қыркүйек – білім күні балалар мен ұстаздар үшін айрықша мәні бар, айтулы мереке. Ол әсіресе, бірінші сынып оқушылары үшін аса маңызды. Күн көтеріле көшелерде сәнді киінген, қолдарына гүл шоқтарын ұстап, мектепке қарай асыққан оқушыларды көріп қызықпау мүмкін емес.
Бұл күні ауданымыздың барлық мектептерінде күміс қоңыраудың сыңғыры естіліп, көкіректерін қуаныш кернеген оқушылар алтын ұя мектебіне сағынышпен оралды. Ұстаздар мен оқушылардың ерекше көңіл күйлеріне ортақтасуға күні кеше ғана төрт бірдей «Алтын белгі» иегері шыққан С.Жанғабылов атындағы орта мектепке жол тарттық. Әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын мерекеде ауылдың барша тұрғындары мектепке қарай ағылып жатты. Биыл мектеп табалдырығын алғаш аттағалы тұрған 52 оқушының көңіл-күйлері тіптен ерекше. Осындай жайдарлы күнде білім күнімен құттықтауға арнайы келген аудан әкімі Ж.Айтуаров оқушылар мен ұстаздарға сәттілік тілей отырып, еселі еңбек етіп жүрген бір топ мұғалімдерді марапаттады.
- Іргелі білім ордасында білім алатын 505 оқушыға білікті де білімді ұстаздар дәріс береді. Мұғалімдердің әрқайсысы өз мамандығына аса жауапкершілікпен қарайды. Өткен оқу жылында 4 оқушымыз «Алтын белгіге» қол жеткізсе, өнер мен спорттан да айтарлықтай жетістіктерге жетіп, үздік мектептер қатарынан табылдық. Барша оқушыларды, ата - аналарды бүгінгі Білім күнімен құттықтаймын, - деген мектеп директоры Бибігүл Себепбай басталған оқу жылында шыққан биігін аласартпауға бүкіл ұжым жұмыла кірісетіндерін жеткізді.
Мерекелік шарадан кейін мектеп тынысымен танысып, шәкірттермен жүзбе-жүз кездескен аудан әкімі тәуелсіз мемлекетемізде оқушыларға жасалған жағдайды бұрынғымен салыстыруға келмейтінін айтты. Мемлекеттің қолдауын пайдалана отырып, оқушыларды бар ынта – жігерімен білім алуға шақырды.
«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демекші басты мақсат саналы ұрпақ тәрбиелеу. Сондықтан мектеп қабырғаларында арнайы тәрбие сағаттарын ұйымдастыра отырып, кәріқұлақ ақсақалдар мен зиялы қауым өкілдерін қатыстыру арқылы үлкенді сыйлау, өскелең ұрпақтың бір – біріне деген құрметін арттыру мақсаты көзделсе нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Мұратбек КӘДІРБАЕВ