Еліміз егемендігін алған жылдардан бергі кезеңде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан жаңғыруымен бірге, рухани өреміз де көтеріліп келеді. Құдайға шүкір, халықтың талап-тілегі, Елбасының ұлттық мерекелердің мәртебесін көтеру бастамасының арқасында Құрбан айт мемлекеттік деңгейде аталып өтілетін болды.
Құрбан - араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаһқа жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы - «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айт күндері (алғашқы үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Қасиетті кітабы Құранда «Мен жындар мен адамдарды (Мені танып), маған ғана құлшылық жасасын деп жараттым» (Зариат сүресі, 56-аят) деп білдірген. Демек, құлшылық жасаудың түп мәні - Жасаған Иенің жарлығына бағыну, разылығына ұмтылу, сауап жинау. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Біз үйге құдайы қонақ келсе де бір мал сойып қонақасы береміз, әр қуанышымызды атап өтіп, көл-көсір етіп дастархан жайып той жасаймыз. Осы жақсылықтардың барлығын нәсіп еткен Алла тағала разылығы үшін күллі мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, жағдайы нашарларға қарасуға, өзара мейірімді болуға шақыратын мұсылмандардың ұлық мерекесінде құрбандық шалу парызымыз.
Ал құрбандық шалу төмендегідей төрт шартқа ие жандарға уәжіп болады: Мұсылман болуы, ақылды және балиғат жасына толуы, Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы және негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы. Нисап мөлшері- 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат етілген.
Сахабалардың айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) құрбандық шалуға жағдайы жоқ адамдардың атынан да мал сойған. Сондықтан да жағдайы бар мүминдер ардақты пайғамбарымыздың ұмыт болып бара жатқан осы бір сүннетіне қайта жан бітіруге тырысқаны жөн
Кез-келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз, тауық, күркетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен негізгі мақсат - Аллаһ тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаһқа жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе - жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаһқа деген құрмет» (Хаж сүресі 37).
Ғибадат Аллаһ тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн. Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату- мұстахап. Бір бөлігі - туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі - кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі - өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға да болады. Егер құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және отбасында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына да қалдыра алады. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде құрбанның еті турасында былай дейді: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» (Хаж, 22/28).
Иман - әділетті, мейірімді, берекелі қоғамның ұйытқысы. Сондықтан біз ұлық мерекемізді насихаттауға, құрбандық шалу дәстүрімізді жандандыруға, қоғамда қайырымдылық шараларының көптеп ұйымдастырылуына анағұрлым көбірек мұқтажбыз. Жеке адам тұрғысынан ғана емес, отбасылық, әлеуметтік, экономикалық, тіпті бұ дүние мен о дүниенің игілігіне бөлену тұрғысынан да құрбандық шалу ислам дініндегі міндет екенін әрбір мұсылман баласы санасына сіңіргені жөн.
Ислам ИЛИЯСОВ, аудан имамы