57 мың адамның несиесі өтеледі – Біржан Нұрымбетов
[ 2019 ] 26 қараша, 10:43 | Жаңалықтар
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қаржы мәселесі шешілсе 57 мың адамның несиесі өтелетінін мәлім етті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Өздеріңіз білетіндей, Президенттің тапсырмасы бойынша несиелік жеңілдіктерге бес санаттағы адамдар ие болған еді. Бұл бір мезгілдік акция. Ресми нормативті құқықтық құжаттарға сүйенер болсақ, ол акция 5 қыркүйекте біткен. Дегенмен, өздеріңіз білетіндей, көптеген азамат бізге хабарласты. Қабылдауды тоқтатып жатқан жоқпыз», - деді Біржан Нұрымбетов Үкіметтің баспасөз орталығында.
Министр сонымен бірге бұл мәселеде туысқандық қатынасты дәлелдейтін құжаттардың ресми деректер қорында болмауы кедергі келтіріп тұрғанын айтып өтті.
«Сондықтан, ол кісілерге бұл мәселені реттеуге көмектестік. Екі ай бойы осы жұмыс істедік. 1 қарашаға дейін соның бәрін жасап, қосымша 57 мыңға жуық азаматты осы несиелік жеңілдікке құқығы бар адам ретінде белгіледік. Шарадан тыс көмекке ұсыныс жасап, тиісті қаражатты бөлу әрекетін жасадық. 9,4 миллиард теңге. 1 қарашаға дейін құжаттарын реттеген 57 мың адамның жылдың аяғына дейін қаржылық мәселе шешілсе, несиесі өтелетін болады», - деді Біржан Нұрымбетов Үкіметтің баспасөз орталығында.
1187
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.