Бұл туралы МО джиу-джитсу федерациясының вице-президенті Ерғали Сисенғалиұлы мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Абу-Дабиде джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатында маңғыстаулық спортшылар ұлттық құрама қоржынына 1 алтын, 1 күміс, 3 қола жүлдені салды. Неваза жүйесі бойынша 52 келі салмақта белдескен Мөлдір Мекенбаева І орын, Дархан Нортаев 62 келі салмақта ІІ орын алса, Əбу-Бəкір Жәнібеков файтинг жүйесі бойынша сынға түсіп 62 келі салмақта қола жүлде алды. Неваза жүйесінде бақ сынаған қос спортшы, 56 келі салмақ дәрежесінде Атакелді Есетов пен Алихан Жарасұлы 80 келі салмақта ІІІ орынға ие болды. Қарашаның 16-24 аралығында өткен байрақты бәсекеге 74 елден, 1500-ге жуық спортшы қатысқан. Халықаралық джиу-джитсу федерациясының ақпаратына сәйкес, қазақстандық спортшылар кадет және жастар арасында 1 алтын, 7 күміс, 7 қола жүлдеге қол жеткізсе, ересектер арасында 3 алтын, 3 күміс, 7 қола медальмен ел қоржынын толықтырды. Ересектер жалпы командалық есепте 13 жүлдемен 7-орынға тұрақтаса, кадет және жастар арасындағы нәтиже бұл чемпионаттың тізімінде 12-орыннан көрінді.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттер МО джиу-джитсу федерациясынан
[embed]https://youtu.be/6gcWL6oS9jc[/embed]