Бүгін, 18 қараша күні Ақтауда «Қазақ халқының бірегей ұлттық тағамдары» атты аймақтық фестиваль өтті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Фестивальге 9 аспаз қатысып үлпершек, майшашпа, қарынбүрме, қой көмбе сынды ұмыт қалған ұлттық тағамдарды қазылар алқасына ұсынды. Қатысушылар конкурсқа келген қонақтармен дәстүрлі ет, сүт тағамдарының, ұн өнімдері мен сусындардың дайындау технологиясы және пайдалы биологиялық құндылықтары жайлы ақпаратпен бөлісті. Қазылар алқасының мүшесі Айгерім Александрқызы қатысушыларға мыжыма, төңкерме сынды тағамдардың жасалуын көрсетіп, шеберлік сағатын өткізді. https://www.youtube.com/watch?v=MtLDQpyCH20 Фестивальдің мақсаты қазақтың ұлттық тағамдарын сақтау және насихаттау, олардың бірегейлік ерекшеліктерін зерттей отырып, ежелгі және жаңа технологияларды пайдалана отырып, көшпенділердің тағамдарын заманауи интерпретацияда әзірлеп көпшілікке паш ету, - дейді фейстиваль ұйымдастырушылары. Конкурсқа қатысушылардың жұмыстарына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, Қазақ тағамтану академиясының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Қазақстан Бас аспаздар Гильдиясы қауымдастығының мүшелері мен қоғам қайраткерлері кіретін беделді қазылар алқасы баға берді. Аймақтық кезеңде жеңімпаз атанған 3 қатысушы 25 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін фестивальдің қорытынды кезеңіне қатысады.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="88031,88033,88025,88032,88029,88030,88027,88026,88024,88023,88028"]