Ақтауда күйші, сазгер, жыршы, ақын Мұрат Өскінбайұлының 115 жылдығына арналған “Күйге кенен жыр-сандық” атты еске алу концерті өтті. Шара ақынның аты берілген Маңғыстау облыстық филармонияда өтті. Концерт Абыл Тарақұлы атындағы қазақ оркестрнің орындауындағы күйшінің “Өрен” атты күйімен басталды. Кейін сазгердің өмірбаяны мен өнер жолы баяндалып, арты мұраттанушы, музыка зерттеуші Айтберген Жаңбыршының Өскінбаевтар әулеті туралы «Күй қонып, кие дарыған әулет» ктіаптың тұсаукесерімен жалғасты. - 1978 жылы алғашқы дипломдық жұмысым Мұрат Өскінбайұлы туралы болған-ды. Сазгерді мен төрт жыл бойы зерттедім. Дипломымды қорғағаннан кейін, зерттеуді ақынның өзіне апардым. Қатты қуанды. “Мен туралы кітап жазуыңа болады ғой” деді, - деп автор кітап тарихынан сыр шертті. Оның айтуынша, еңбек біраз жыл басылымдарға жетпей, жарыққа шығуы кейінге шегеріле берген. Кітаптың тұсауын облыс әкімінің орынбасары Қаныбек Жұмашев, қоғам қайраткері Алқажан Меделұлы, Мұрат Өскінбайұлың ұлы Әзірбай Өскінбаев және автордың өзі кесті. - Әлем мәдениет қоржынына 300-ден астам күй салған, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармония мен “Қазақконцерт” бірлестігіне өз қолтаңбасын қалдырған Мұрат Өскінбайұлы күйшілердің бірегейі еді. Оның жалпы түркілік музыканың білгір орындаушысы болған феномендігі өз алдына бөлек әңгіме. Ал мына кітап оқырмандардың көңілінен шығады деп сенеміз. Оқырманы көп болсын! - деді Қ.Жұмашев. Тұсаукесерден кейін мерекелік концерт күйшінің әкесі Өскенбай Қалманбетұлының күйлері — «Бұлбұл Ақжелең», «Жеті Бұлбұл», Мамыртай руынан шыққан Айша атты бишінің өнеріне арналған «Кербез Айша», сазгердің күйлері — «Қазақстан», толық нұсқасының Маңғыстауда сақталуына демеу болған «Ақсақ құлан Жошы хан», «Өрлеу», Ұлы Отан жеңісіне арнаған «Жеңіс», сондай-ақ халық күйлері — «Қақпалы науайы», «Бала ноғай сазы» орындалды. Бұл шығармаларды Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері Сержан Шәкірат, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Роза Айдарбаева және ҚР еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Рахат Мадреев секілді өнер майталмандары орындады. Мұрат Өскінбайұлы — қазақ күйінің өнерінің дүлділі, Маңғыстаудың күйшілік және жыраулық өнерін жалғастырушы, сазгер, ақын. 1903 жылы Маңғыстау облысының Қарақия ауданы, Қарақия ойпатының күн шығыс жазық бетіндегі Жетібай елді мекенінде (қазіргі Мұнайлы ауданы, Жетібай елді мекені) «Адайдың жеті қайқысының» бірі боп атанған Өскінбай Қалмамбетұлы отбасында дүние келген. Алматыда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармонияда, кейін “Қазақконцертте” қызмет атқарған. ҚазақССР-інің “1-дәрежелі домбырашысы”. Соңғы жылдарын Маңғыстауда өткізген күйші 1982 жылы 29 қаңтарда дүниеден өтеді. 2008 жылы Маңғыстау облыстық филармонияға сазгердің есімі берілді. 2004 жылдан бері әр екі жыл сайын өтетін Мұрат Өскінбайұлы атындағы Республикалық байқау өз бастауын алды. 2018 жылы сайысқа Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен өнерпаздар қатысып, байқау халықаралық деңгейде ретінде өткізілді. Концертта Жұмабек Қадырқұлов, Ғазиза Ұзақбаева, Абылай Тілепбергенов секілді сайыс жеңімпаздары күйшінің өнеріне құрмет білдіріп, “Адай” күйін орындады.
Арай ЖАУПЕРОВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="87967,87962,87969,87968,87963,87964,87970,87965"]