Киелі Маңғыстау мекеніне мұнай барлаушылардың табаны тұңғыш рет 1958 жылы тиді. Оған дейінгі Қызан мен Түбіжіктегі мұнай көзін іздестіру жұмыстары нәтижелі болмаған соң «Маңғыстаумұнайгазбарлау» тресінің Дүйсен Үсенов бастаған бұрғылау бригадасы мен сейсмикалық барлау бригадалары Жетібай жеріне қоныс аударды. Жетібай мұнай барлау экспедициясының басшылық құрамында Р.Сағындықов, есептеу-жоспарлау, жабдықтау жағында Х.Бейсеуов, А.Аяғанов, С.Қаналиев, Л.Еңсегенов, Б.Бәшенов, А.Бөлекбаева, Н.Нұржанов, М.Жолболдин жұмыс жасады. Мұнай барлау жұмысын қаржыландырумен Жаңбырбай Лұқпанов айналысты. Экспедицияның бастауыш партия комитетінің төрағасы Мұсташ Құсайынов, кәсіподақ комитетінің төрағасы Мантық Төлеуғалиев, заңгері Шамсутдинов болды.
Жетібай кен алаңындағы ең бірінші терең бұрғы жер қойнауына 1959 жылдың 24 қаңтарында жіберілді. Бірақ бір жарым жыл бойы үлкен еңбекпен қазылған ұңғы 1960 жылдың 20 шілдесінде 2658 метр тереңдікте бұрғылау құбыры забойда ұсталып қалып, апатқа ұшыраған соң, қазу жұмыстары тоқтатылды. Бұл жұмыстың аса ауыр болғаны сонша, әуелі Ю.Кузнецов, Ж.Мұқатов, К.Тарабрин басшылық ететін бригада бұрғылап бастаған ұңғыны қазу кезінде 8 бұрғылау шебері ауысты. Дегенмен, жұмыс нәтижесіз болған жоқ. Ұңғының тереңдігі 2500 метрден асқан кезде орталық юра шөгіндісінен кернге сіңген мұнай белгісі алынды.
№2 ұңғыны Салық Рысқалиев бастаған бригада 1959 жылдың 5 тамызында қазып бастады. Бұл ұңғыны бұрғылау жұмыстары да оңай болған жоқ. Бұрғышылардың ерен еңбегінің арқасында 1960 жылдың ақпанында 1700 метр тереңдіктен тағы да мұнай сіңген керн анықталды.. 1960 жылы қазан айында осы ұсталып қалған бұрғылау құбыры өндірістік құбырдың орнына шегенделіп, 1905-1909 метр тереңдіктен тәулігіне 1,6 текше метрдей таза мұнай алынды. Бұл өте жоғары сапаға ие Маңғыстаудың тұңғыш мұнайы еді. Бірақ ол үлкен өндірістік мұнай емес болғандықтан 1960 жылдың 8 мамырында Жетібай жерінің қойнауына үшінші терең бұрғы жіберілді. Бұрғылау шебері Николай Петровтың бригадасы қазған бұл №6 ұңғы да 2608 метрге жеткен кезде апатқа ұшырады. 1961 жылдың 21 маусымында қашауды ауыстырып, бұрғылау құбырын ұңғыға жіберу кезінде 2420 метр тереңдікте құбыр тағы да ұсталып қалды. «Апатқа кінәлі» деп танылған Н.Петров еңбек демалысына жіберіліп, разведка бастығы Д.Үсенов пен аға инженер Х.Алдақовтың орнына Түбіжіктегі геологиялық барлау-бұрғылау алаңының бастығы Хасан Тәжиев пен аға инженер Қуан Қазиев тағайындалды.
Маңғыстау мұнайының ашылған күнін тарихта алтын әріптермен айшықтап қалдырған 1961 жылдың 5 шілдесі де келіп жетті. Дәл сол күні түнгі сағат 2-ден 40 минут өткенде бұрғылау шебері Бисенғали Бәжіковтің вахтасында Х.Тәжиев, Қ.Қазиев, В.Тевяшев басшылық ететін Жетібай мұнай барлау алаңындағы №6 ұңғыдан 2383-2389 метр тереңдік аралығынан қуатты мұнай бұрқағы атылды. Маңғыстау мұнайының бастау-бұлағы осы күн болды.
Жер қыртысының терең юра қабатынан үлкен қысыммен аспанға атқылаған мұнай бұрқағының күшті болғаны соншалық, биіктігі 53 метрлік бұрғылау мұнарасының краны көрінбей қалды. Фонтан үш күн бойы атқылап, 3 мың тонна мұнай шығарды. Мұншалықты қуатты мұнай бұрқағын ауыздықтау бұрғышыларға оңайға түскен жоқ. Үш күн бойы арпалысып, фонтанды ауыздықтаған қаһарман бұрғышылардың қатарында Бисенғали Бәжіков, Сабырбай Шонтыбаев, Кемелхан Берікбосынов, Бідән Қалиев, Оңғар Қабжанов, Қайып Азанбаев, Шәкірт Саханов, Қалабай Қыстаубаев, Найзабек Толтырбаев, Кесікбай Науанов, Төлебек Өмірбаев, Аймағанбет Әлиев, Кесікбай Өтегенов, Сергей Левицкий, Оңай Бұқабаев, Михаил Жуковский, Нұрмахан Қанатбаев, Жосалы Қыстаубаев, Ізтұрған Сүйіндіков, Атабай Төремұратов, Ермұхан Таужанов, Дәріш Тоқжанова, Тұрмұханбет Кенебаев, Қожахмет Қалдыбаев, Иткүшік Байжанов, Рүстем Жүзбаев, Мұхтар Ералиев, Петр Трифонович Шамрай, Қантөре Қуанышбеков, Леонидас Керулис, Санатбай Масатов, Сайлаубай Смағұлов, Жәку Әлиев, Сабыр Бисенов, Төлесін Өмірбаев, Мырзабек Оңғалиев, Атыраубай Аяғанов, А.Нұрғалиев, Байжанов, Бопылов және т.б. болды. Ұңғыдан атылған мұнайдың тәуліктік өнімі 400 тоннаға дейін жетті.
Сөйтіп, бұл қуанышты хабар дүние жүзін дүр сілкіндіріп, қиырда жатқан Маңғыстау түбегіндегі мұнай қорының ашылғанын және оны игеру кезеңі басталғанын бүкіл әлемге паш етті. Ел құлағын елең еткізген ерекше оқиға жөнінде Кеңестер Одағындағы бүкіл радиолар мен телеарналар сүйінші сұрап, республикалық, одақтық басылымдар ғана емес, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жазып жатты. Осынау ұлы оқиға Маңғыстау өлкесі өмірбаянының жаңа, жарқын беттерінің ашылғанының белгісі болды. Осыдан кейін аймақтың өнеркәсібін кең көлемде игеру басталды.
Маңғыстау мұнай эпопеясының бастауы-бұлағы болған Жетібай мұнай-газ конденсат кені ашылған соң 1965 жылдың 13 ақпанында КСРО Мемлекеттік қор комитеті Жетібай кен орнындағы мұнай қорын ресми түрде бекітті. Ол бойынша кен орнының геологиялық қоры 375 миллион 653 мың тонна деп есептелді.
Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1966 жылғы 11 мамырдағы №750-Р қаулысына орай шығарылған «Қазақстанмұнай» бірлестігінің 1966 жылғы 27 мамыр күнгі №183/П бұйрығымен «Жетыбайнефть» мұнай кәсіпшілігі басқармасы құрылды. Басқарма бастығы Сағидолла Нұржанов, бас инженері Сусын Қалжанов, бас геологы Бекен Әлиев болды. Сол жылдың 30 желтоқсанында Жетібай кен орнындағы үш ұңғы мұнай өндіруді бастады да, кеніш өнеркәсіптік пайдалануға берілді. 1967 жылы 1 қаңтарда Жетібай кен орнында ең бірінші болып салынған 14 ұңғыдан тұратын №8 топтық қондырғы түгел пайдалануға берілді. Бұл топтық қондырғының жұмысын Ембіден келген кәнігі мұнайшы Хайролла Әренұлы Ихсанғалиев басқарды.
Жетібайдың мұнайын тұңғыш өндіруге тікелей атсалысқандардың қатарында операторлар Қапыш Қалиев, Ұзақбай Ғабдолов, Қожағали Тәжіғұлов, Сарбас Таласбаев, Мария Семеновна Тюрина, Владимир Пылан, Люся Пылан, механик Кәрім Өтебаев, электрлі газбен пісіруші Н.Батаев, темір пісіруші Валерий Горбатов, слесарь Б.Козлов, шебер Сәлім Меңдіғазиев, т.б. болды. Осы жылы кен алаңынан 139 мың тонна мұнай өндіріліп, мемлекетке тапсырылды.Жетібай мұнайының өндірісін ұйымдастыруға атсалысқан алғашқы буын өкілдері: бас энергетик Аймұхан Таужанов, бас механик Геннадий Иванович Пономарев, кен орнын игеру шебері Қади Өтегенов, ауысым шебері Ізғара Таласбаев, ұңғыларды игеру цехының шебері Сарадин Рақымбердиев, әуелі шебер, артынан бөлімше бастығы, кейін үлкен қоғам қайраткеріне айналған Сайын Нәдірұлы Шапағатов, бөлімше бастығы Бақытжан Қазиев, орталық инженерлік-технологиялық қызметтің бастығы Александр Захарович Юрченко, осы қызметтің аға инженері Петр Сергеевич Чеснаков, геолог Жақсылық Ұзақбаев, ұңғыларды игеру цехының бастығы Федор Григорьевич Наговицин, цехтың аға механигі Амантөре Сармысов, құрылыс инженері Фатима Батықова, құрылыс шебері Қуантқан Сәтімов, оператор, шебер, өндірістік-техникалық бөлімнің аға инженерлері Мұратбай Жақсығатов, Майлаш Есбергенов, ұңғыларды игеру цехының геологы Амангелді Тастығараев, геолог Қуаныш Сисенбаев, ұңғыларды игеру цехының шебері Боранбай Әлимұханбетов, шеберлер Сәтжан (Шандыбай) Өтесінов,Бөгембай Қожықов, Амангелді Өрбісінов, Ким Ақжігітұлы Көрпешов, операторлар Бәтіш Өткілбаева,Ж.Қарақонақов және т.б. еді.
1969 жылы Жетібай кен орнынан өндірілген мұнайдың көлемі 1 миллион, ал 1970 жылы 1 миллион 500 мың тоннаға жетті. Осы жылы «Жетыбайнефть» мұнай кәсіпшілігі басқармасының атауы Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасы болып өзгертілді. Басқарма бастығы болып Кеңес Дүйсенғалиұлы Жоламанов тағайындалды.1971 жылы Жетібай кен орнынан 5 миллион тонна мұнай өндірілді. 1972 жылы Жетібай мұнай-газ өндіру басқармасында тәулігіне 10 мың тонна мұнай өндіру асуы алынды.
Сол жылдары Жетібайда еңбек жолын бастап, кейін Қазақстан мұнай саласының дамуына үлкен үлес қосқан майталман мамандардың қатарында Нұрлан Балғымбаев, Ләззат Қиынов, Төлеген Хасанов, Ұзақбай Құтжанов, Сисенғали Өтеғалиев, Сағидолла Бижанов, Бақтыгерей Серікбаев, Жеңіс Жалғасов, Тілектес Ізтілеуов, Таңбай Алпысбаев, Қуанбай Жарылғасов, Сәлімжан Әбішев, т.б. болды. Кейін, 1980-жылдары өндіріске Тимур Мұстахиұлы Бимағамбетов, Алик Серікұлы Айдарбаев, Жетібай Қуанайұлы Төлеғожаев, Абат Ақмұқанұлы Нұрсейітов сияқты жас мамандардың жаңа толқыны келді. Бұлардың бәрі де кейін Қазақстан мұнай өнеркәсібінің ірі басшылары болды.
1982 жылы Жетібай кен орнынан кәсіпорын құрылғаннан бергі уақыт ішінде 40 миллионыншы тонна, ал 1988 жылы 50 миллионыншы тонна мұнай өндірілді.1990 жылдары Жетібай мұнай-газ өндірісіне жергілікті кадрлардың үшінші жаңа толқыны келіп қосылды. Олардың ішінде бірқатары бүгінде өндіріс басшылары деңгейіне дейін көтерілген Т.Көшкінбаев, Ж.Тегісбаев, Н.Исабай, С.Тастығараев, Қ.Жақсығатов, Б.Жаңабай, А.Жүзбаев, С.Темірханов және т.б. бар.
«Жетыбайнефть» мұнай кәсіпшілігі басқармасының алғашқы бастығы Сағидолла Нұржановтан бастап бұл басқармаға әр жылдары Александр Дергачев, Кеңес Жоламанов, Мұрат Саламатов, Дмитрий Горюнов, Әнес Бүркітбаев, Табын Оржанов, Мақсат Борамбаев, Жақсылық Жанғазиев, Оспан Еңсегенов, Максим Сабуғалиев, Хожалепес Елеусінов, Абай Куванов, Бақыт Иманбаев, Сағидолла Бижанов, Болат Сейітмағанбетов және т.б. басшылық етті.
Еңбек майданында ерекше көзге түскен Хайролла Ихсанғалиев, Раиса Молдабаева, Боранбай Әлимұханбетов, Баязи Қарамұрзиев, Жайман Таспаев, Балияш Елбаева, Павел Авгарович Дзагоев, Таңбай Алпысбаев,Иосиф Ермолицкий, Төлеғұс Құлшабаев, Сенбіғали Матаев, Аманқос Тайпақов, Ыбырай Құттыбаев, Қонақбай Күзекенов, Мұрат Жұмаев, Жарылғас Нұрғалиев, Бердекен Ешин, Татьяна Ткаченко, Қалымбай Өтебаев, Шолпан Жұбаниязова, Жұмахан Алагөзов сияқты еңбек озаттары кәсіпорынның даңқын шығарып, атағын аспандатты.
Жетібай мұнайын игеруде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, тер төккен мұнайшылардың қатарында кейбірі өмірінің соңына дейін, көпшілігі құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін жұмыс жасаған өндіріс басшылары Ж.С.Ұзақбаев, М.Жақсығатов, Ұ.Н.Құтжанов, операторлар О.Балмұрзиев, Ж.Байжауынова, С.Нұрхасанова, Т.Мекенова, Ү.Үлмәмбетова, Қ.Сарқұлов, Т.Ботағараев, отпен пісіруші М.Б.Дәулетов, электрик А.Танауов, Б.Өткелбаева, А.Д.Захаровтардың аттары аталады. Олардың соңын ала 1970-жылдары өндіріске келген операторлар С.Қуантқанов, Қ.Омарова, Н.К.Булатова, т.б. кен орнының игерілуіне үлкен үлес қосты.
Қазіргі таңда құрамында ірілі-ұсақты 14 кеніші бар Жетібай кен орнының әуел бастағы игерілетін мұнай қоры 166 413 мың тонна болса, 2016 жылдың 1 қаңтарында соның 90 900 мың тоннасын игерді. Үстіміздегі жылдың І жарты жылдығының қорытындысы бойынша өндірілуге тиісті 1 073 285 тоннаның орнына 1 089 463 тонна мұнай өндіріліп, межеленген жоспар 16 178 тоннаға артығымен орындалды. Мемлекетке 1 085 729 тонна мұнай тапсырылды. Бұл көрсеткіш жоспарланған 1 068 557 тоннадан 17 172 тоннаға артық. Осынау жетістік «Жетібаймұнайгаз» өндірістік бірлестігінің жарты ғасырлық торқалы тойларына, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының құрылғанына 25 жыл толған мерейлі мерекеге лайықты тартулармен келіп отырғанының айқын айғағы. Алдағы уақытта да бұл ұйымшыл ұжымның осылай асқаралы асуларды бағындырып, асқақ биіктерден көріне бермек. Сөз соңында барша мұнайшылар қауымын осынау қос мерекемен құттықтап, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне жеміс тілейміз. Әрқашан да жасампаз еңбектің жарқын үлгісін көрсетіп, Тәуелсіз Қазақ елінің туы биік, тұғыры мықты болып, қарыштап дамуы үшін қажырлы үлестеріңізді қоса беріңіздер!
Бақыт ИМАНБАЕВ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның бас директоры