58-ҚАДАМ. «Жол-көлік инфрақұрыл ы м ы н қалыптастыру және дамыту жөнінде бірыңғай оператор қалыптастыру үшін стратегиялық (зәкірлік) инвесторлар тарту». («100 нақты қадам» Ұлт жоспары)
Ақтау-Бейнеу жолы —Маңғыстауды «үлкен жермен» байланыстыратын құрлықтағы жалғыз жол. Күні бүгінге дейін бұл бағытты жол деп атаудың өзі қиын болатын. Айдаладағы осы бағытта асфальт жолдың пайда болуы үшін көптеген азаматтар атсалысты, олардың арасында депутаттар да бар. Бүгінде автокөлік жолының жобасы мен құрылысына қаржы бөлініп, жұмыс жүре бастады. Сенаторлар Михаил Бортник пен Бақтыбай Челпеков жол құрылысының қалай жүріп жатқанын көргісі келген болар. Оның үстіне, автокөлік жүргізушілері жолдың жарамсыздығын ашық сынайтын болып жүр.
Бейнеуге барар жолда депутаттар тоқтап, жол құрылысы жұмыстарын жүргізіп жатқан компания басшысымен және жұмысшылармен сөйлесті.
Маңғыстау облысында республикалық маңызы бар автокөлік жолдарының ұзындығы – 1033 шақырым. Жыл басынан бері жолдардың 470 шақырымы қайта жаңғыртылды. Жыл аяғына дейін Бейнеу-Шетпе жолының 200 шақырымын қайта жаңғырту жоспарлануда.
Ұзындығы 300 шақырым Бейнеу – Шетпе автокөлік жолы алты бөлікке бөлінген. Оның төрт бөлігін «Алсим Аларко» түрік компаниясы Азия даму банкінің қарыз қаражаты есебінен жөндеуден өткізуде. Қалған екі бөлігін республикалық бюджет есебінен екі қазақстандық компания: 40 шақырымын «Атырау жолдары» (38,7 шм аяқталған) және 60 шақырымын «Нияз-Мұхаммед» жөндеуден өткізуде.
Депутаттар Ақтау-Жетібай жолындағы жөндеу жұмыстарының қарқыны жоғары екендігін атап өтті. Автокөлік жолы бірінші техникалық санатқа сай келеді және төрт жолақты болады. Жоба бойынша жолдың біраз бөлігі жазық болады. Қазірдің өзінде Қарақия ойпаты бойындағы рельеф өзгерген. Бұрын мұндағы тік асудан өтер жерде кісі өлімі орын алатын жол апаттары жиі болып тұратын.
Шетпе–Жетібай жол бөлігі екінші техникалық санатқа сай келеді және екі жолақты болады. Жетібай ауылының қиылысында екі деңгейлі алмасу жасау жопарлануда.
«Дженгиз Иншаат» компаниясы филиалының директоры Мұрат Зейнабиловтың айтуынша, техника бар, адамдар жұмыс жасауда, қаржыны игеру және құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр.
– Жол бөлігі қазан айында тапсырылады. Прохлада көзіне жақын маңнан жүргізушілер демалатын алаң және техниканы жөндеу үшін эстакада салу жоспарланған. Битум және басқа материалдарға байланысты туындап жатқан мәселе жоқ. Қолданылып жатқандардың барлығы жергілікті, ал «Каспий битум» зауыты дағдарысқа қарамастан, өз өнімінің бағасын жеңілдікпен берді,–деді Мұрат Зейнабилов.
Дегенмен жобаның қымбаттауы орын алған. Оның себебі әр түрлі. Атап айтқанда, жол «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС газ құбырын кесіп өтеді, ал магистральды газ құбырын өшіру үшін газды өшіруге тура келеді. Мұндай жағдайда МАЭК өз қазандарын мазутпен жылытуға ауыстыруы керек болады. Ал мазут үшін бір миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалуы тиіс. Басында бұл 650 миллион теңге болады деп жоспарланған-ды.
Жұмыстың көп бөлігі бітіп қалған. Автокөліктер жолда алаңсыз жүріп жатыр. Бірақ жолды уақытша айналып өтуге мәжбүр болатын жүргізушілердің кейбірінің сабырсыздық танытып жататыны да бар.
Ақтау портына және кейін қарай бағыт алған транзитті жүк көліктері елді мекен көшелерінен өтпейтін болады. Олар үшін айналып өтетін жол салынуда.
Шетпе–Бейнеу автокөлік жолының телімінде «Нияз-Мұхаммед» компаниясының аздаған қиындықтары туындап қалды. Көктемгі жауын кезінде Маната өткелінде көшкін болған. Енді компания жол учаскесін кеңейтіп, осындай жайттың тағы қайталануының алдын алуы керек. Алайда компанияның бас директоры Берген Нұров бұл мәселені айта қаларлықтай қиындық деп есептемейтін сияқты.
– Бұл – мәселе емес, бұл тек жұмыс қана,– деді бас директор.
Жолдың барлық бөлігінде тапсырыс берушімен қатар шетелдік мамандар да техникалық бақылау жүргізуде. Атап айтсақ, «Алсим Аларко» компаниясының телімінде техникалық бақылау және сапасын қолдау жұмыстарын оңтүстік Корей компаниясы қазақстандық компаниямен бірге жүргізуде. Мұндағы жұмыстарға тартылған «Маңғыстау жол лабораториясы» зертханасының қызметкерлері де келіп, келісімшарттың техникалық ерекшелігінің сәйкестігін тексеріп тұрады.
«Алсим Аларко» компаниясының бір телімінде проблемалар кездесті. Сайөтеске жақын маңдағы жолға төселген асфальт жоғары көтеріліп, бүліне бастады. Бейне-бір жол астынан дәу саңырауқұлақтар өсіп келе жатқандай. Мұның себебі әзір белгісіз. Талдамалар тиісті институтқа тексеруге жіберілген. Жақында жауап келуі керек. Ал құрылысшылардың пікірінше, бұл жағдайға Маңғыстауда тұңғыш рет қолданылып тұрған жаңа технологиялар себеп болғанға ұқсайды. «Алсим Аларко» компаниясы «Бейнеу – Ақтау автокөлік жолының құрылысы» жобасында Манашыдан Сайөтеске дейінгі үш телімде дорзин қосылған тұрақтандырушы қабат төсеуде. Сапа бақылау бөлімінің басшысы Арман Жолдықұловтың айтуынша, автокөлік жолдарын қайта жаңарту үшін қолданылатын материалдар – 100% қазақстандық. Бұл – жергілікті битум, Шетпе карьерінің қиыршық тасы, цемент, сыр, темірбетон заттар мен басқа да материалдардың барлығы – қазақстандық кәсіпорындардың өнімі.
– «Алсим Аларко» компаниясы тұрақтандырушы қабат төсегенде дорзин қосатын жаңа технологияны біздің өңірімізде алғаш рет қолданды. Тағы бір жаңа технология – микросюрфейсинг түрінде құйылған эмульсия-минеральді қоспа. Бұл – тозудан қорғайтын қабат және бүкіл жол бетінің қорғанышы,– деп атап өтті Арман Жолдықұлов.
Құрылысшылардың пайымдауынша, мұндай тәсіл біздің климатқа сай келмей, асфальт астына су жиналып, жолдың бетін көтеріп жіберген.
Құрылысшылар талдама қорытындысын күтпей-ақ асфальтты жолдан алып тастауға кірісіп кеткенін де айтып өткен жөн. Кейін жолдың беті қайта төселеді. Бұл жұмыстар басталып та кетті.
Сапа кепілдігі туралы айтар болсақ, түрік компаниялары жолды тапсырған соң екі жылға, ал қазақстандық құрылысшылар төрт жылға кепілдік береді. Яғни осы мерзім ішінде ақау шығып жатса, компания өз есебінен жөндеу жүргізеді.
Жөндеу және қайта жаңарту жұмыстарынан кейін арнайы демалыс орындары салынып, көлік жүргізушілердің демалып, тамақтануына және автокөліктерін жөндеуіне жағдай жасалады. Оған дейін коммуникация (газ, электр қуаты, су) жүргізу үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбек.
Михаил Бортник пен Бақтыбай Челпеков мемлекет қаржысы дұрыс жұмсалуда деп санайды. Көптен күткен жол жұмысы аяқталып, өз нәтижесін бермек. Бұл өңірімізде жүк тасымалының көбеюіне, туристер көптеп келіп, Каспий жағасында алаңсыз тынығуына жасалған жағдай деуге де болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА