Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Конституция күніне орай облыс орталығында мерекелік велошеру өтті. Сонымен қатар, мерекеге орай жалпы аумағы жеті шақырымды құрайтын жаңа автомобиль жолы пайдалануға беріліп, тұрғындарды қуанышқа бөледі. Шараға аймақ басшысы Алик Айдарбаев пен әкімдік өкілдері, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов пен Олимпиада қатысушысы Берік Әбдірахманов қатысты.
- Бүгін біз екі автожолды пайдалануға беріп отырмыз. Бірі-«Дукат» тұрғын үйлер кешенінен «Ақтау-Сити» аумағына дейінгі және №15 автожол мен оралмандарды бейімдеу орталығынан «Ақтау-Форт-Шевченок» автожолына дейінгі жол. Екі автожолдың екі жағынан жаяу жүргіншілер үшін тротуарлар мен көшені жарықтандыру да қарастырылған. Асфальт жолымыз пайдалануға толықтай дайын. Жолдың құрылысы 2015 жылдың қазан айында басталды. Негізінде тапсыру мерзімі-2017 жылдың қазан айы болатын. Бүгін біз мерекеге орай мерзімінен бұрын пайдалануға беріп отырмыз. Жолдың сапасы-жақсы, жолға қажетті пайдаланылған материалдар жергілікті өнімдер екенін атап өткім келеді, - дейді «КазСтрой» мекемесінің техникалық директоры Бақтығали Қонақбаев.
Мерекеге орай ұйымдастырылған велошеруге қатысушы, салауатты өмір салтын ұстанушылар жеті шақырым болатын жолды облыс басшылығымен бірге велосипедпен жүріп өтті. Велошеру арнайы халыққа қызмет көрсету орталығынан (автоцон) басталып, «Самал» шағынауданына дейін жалғасты.
- Бүгін тәуелсіз еліміздің тұрақтылығының символы-айбарлы Ата заңымыз Қазақстан Республикасының Конституция күні. Бұл мерекеге біз үлкен жетістіктермен келдік. Мерекеге орай үлкен жолды пайдалануға беріп жатырмыз. Бұл жол Ақтау қаласын солтүстік бағытта дамытуға арналған жол. Әрине, тұрғындарға барлық жағдайды жасау үшін біраз уақыт керек, қаражат та керек. Оның барлығын біз рет-ретімен жасап жатырмыз. Бүгінгі мерекемен барша маңғыстаулықтарды құттықтаймын. Әр отбасына береке, ынтымақ тілеймін, - деген өңір басшысы Алик Айдарбаев велошеруге алғаш рет қатысып отырғанын атап өтті.
Шара аясында дәрігерлер велошеруге қатысушылардың денсаулықтарын тексеріп, қан қысымдарын өлшеді.
- Бүгінгі мерекеге орай ұйымдастырылған велошеруге қатысушылардың денсаулығын қадағалау таңғы сағат 8.00-ден басталды. Барлық қатысушылардың арыз-шағымдары тыңдалып, олардың артериялық қан қысымы өлшенді. Осы бағытта олардың жүрек қағыстарын, физикалық жұмысқа дайындығы қаралады. Артериялық қысымы көтерілген бір-екі қатысушы байқалды. Олар жасы егде тартқан адамдар. Оларға тиісті ем-шаралар жүргізіліп, жарты сағатқа бақылау жасап, қайтадан өлшенді. Негізгі мақсатымыз-осындай шаралар кезінде денсаулығында кінарат бар адамдарды оқыс оқиғалардың орын алуынан алдын-алу болып табылады. Барлық қатысушылардың денсаулықтары жақсы, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марал Қадыр.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл акция халықты спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға, велоспортты насихаттауға бағытталған.
- Алдағы уақытта да мұндай шараларды өткізіп тұратын боламыз. Жалпы бүгінгі шараға 200 адам қатысуда. Велошеруге қатысуға жастар жағы белсенділік танытты. Қатысушының ең үлкені-75 жаста. Алдымен 7 шақырымға арналған велошеру өтеді, екінші велошеру-4 шақырымдық. Жалпы шараға қатысуға ниет білдірген тұрғындардың белсенділігі жоғары болғанын атап өткім келеді, - дейді облыстық спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рушания Елизарова.
4 шақырымдық велошеру бойынша ерлер арасында Тәжімұханов Артур, Салық Адай, Каланов Дінмұхаммед үздік деп танылса, әйелдер арасынан Анастасия Шемелена, Гүлзина Тоғбаева, Фатима Жақсыбаева жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, шараға белсенді қатысқан Арман Ерғазиев, Руслан Духиев, Кужагальдиев Рафаэль марапатталды.
- Бүгінгі велошеруге қатысуға біздің ауданнан алты адам келді. Алдағы уақытта мұндай шараларды аудан көлемінде де өткізу жоспарланған. Барша маңғыстаулықтарды мерекемен құттықтаймын. Егеменді еліміз гүлденіп, әрдайым биіктен көріне берсін, - дейді Маңғыстау ауданының әкімі Жармағамбет Айтуаров.
Сондай-ақ, қала тұрғындары арасында арқан тарту, асық ату, гір тасын көтеру, қол күрес бойынша да жарыстар ұйымдастырылды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="9009,9020,9013,9039,9021,9017,9010,9022,9019,9012,9023"]