Елбасының Вашингтон қаласында өткен ядролыққа қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесін ілгерілетуді қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Ақ орамал» республикалық акциясы ауданымызда алғаш рет бастау алып, «Шаңырақ» қоғамдық қоры ұйымдастыруымен «Аналар әлемге тыныштық тілейді» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға аудан ардагерлері, аналар кеңесінің мүшелері, село тұрғындары, жас аналар қатысты.
Дөңгелек үстелде Шетпе селосы аналар кеңесінің төрайымы А. Қартбаева, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Т.Абдуллаеваның баяндамалары тыңдалып, қызу пікір алмасты, келген жас аналарға өмірлік тәжірибелері мол ұстаздар тағылымды әңгімелер айтты.
Азаматтарды шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарап бөлмей баянды бейбіт әлем қалыптастыруды көздеген бастаманың келер ұрпаққа берер тәлім – тәрбиесі мол. Акцияның «Ақ орамал» атануының өзінде үлкен мән-мағына жатыр. Олай дейтініміз қазақ халқы ықылым заманнан-ақ жаулықты қастерлеп қадір тұтқан, ертеде ел, ру арасындағы дау – дамайды әйел – ана басындағы ақ жаулығын шешіп, ортаға тастау арқылы тоқтатып отырған. Кезінде Зере анамыз басына жаулығын салмай бала емізбеген, адамзат өмірінің негізі болып саналатын ананың ақ сүті қазақтың бойына ақ орамалсыз дарымаған деседі. Ендеше пәктіктің, тазалақтың символы санайтын орамалды ұрпаққа насихаттау аманатқа адалдықтың белгісі. Міне осындай ізгі дәстүрді ел есіне оралтуды көздеген акция адамдардың бір-біріне өзара құрмет көрсетуге, басқалардың ішкі істеріне араласпауға, саналылық, ұстамдылық пен ақыл-парасатқа жүгінуге, жаппай қырып-жоятын ядролық және басқа да қару-жарақ түрлерінен бас тартуға, баянды бейбітшілік әлемін қалыптастырып, өмірлік іс-әрекет әдісі ретінде соғыс атаулыны түбірімен жоюға үндейді.
Жадыра ТЕЛБАЕВА