Біраз уақыт Шетпе селосының тұрғындарына «бас ауру» болып келе жатқан мәселені ортаға салуға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары бастаған топ жуырда Маңғыстау ауданында көшпелі жиын өткізді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Облыс орталығынан келген топ алдымен карьерлердің жұмыс бабымен танысу үшін қиыршықтас өндіретін «МКДСМ» мекемесіне ат басын тіреді. 24 сағат жұмыс істейтін бұл кен орнындағы шаңның басылмайтынына себеп – ол су себетін техниканың жоқтығы. Су жинайтын сыйымдылықты МО әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов өзі тексеріп, онда судың жоқ екеніне көз жеткізді. Өлкеге біткен тауды жарып, одан өнім өндіріп келе жатқан карьер экология талаптарын сақтамай, 1 шақырымға жетпейтін қашықтықтағы ауылға айтарлықтай зардап келтіріп отыр. Мәселе шешімін таппағандықтан, сол маңдағы ауыл тұрғындары карьерден шыққан шаңды жұтуға мәжбүр. Денсаулықтары сыр бере бастаған халық осы мәселені бірнеше жылдан бері ортаға салып әлек. Бірақ ешқандай шешімі табылмаған. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84890,84891,84892"] Өндіріс аймағы шаңды жиі көтеретіні аздай, өздеріне тиесілі аумақтан бөлек жерді заңсыз иемденіп алған. Олар төлейтін салықтың құны бұл ауылдағы 29-30 мың адамның денсаулығын жақсарта алмайды. Шаңды басуға су шашатын сыйымдылық пен арнайы техниканы қолданғаннан басқа ұңғыма қазып, жер асты суын пайдалануға болады. Жалпы айтқанда, адам өмірі араша сұрап тұрған кезде шешімі табылмайтын мәселе болмауы тиіс. Шаңды басу үшін су шашатын құрылғылар шамамен 10 млн. теңгені құрайды. Бұл қаражат қыруар табыс тауып отырған карьер үшін түк те емес. Адам өмірінен дүниені жоғары балап, қоршаған ортаға залал келтіріп, оған селқос қарап жүрген карьер басшылығына халық наразы. Шетпенің шаңымен бірге тұрғындар да көтеріліп кететіндей жағдай туындап отыр. Тұрғындардың айтуынша, Шетпенің шаңы 15 жылдан бері жыр болып келеді. «Көз ашып жүру мүмкін емес, басшылық бұл мәселені шешпесе, басқа жолға көшеміз» деді шыдамы таусылған тұрғындар. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84886,84887,84888"] «Шетпені қоршап тұрған карьерлерді алысқа көшіру керек. Бір мекеме қиыршықтас алу мақсатында 8 карьерлік жерді басып алған. Жер комитеті қайда қарап отыр? Бірнеше жыл бойы 2 га жерді басып алған. Бұл жерде тек қана шаң емес, көптеген мәселе бар. Сондықтан шаңнан құтылу үшін ауылдан алыстатылуы керек және жер бойынша құзырлы органдар дұрыс жұмыс жасауы тиіс», - дейді Шетпе ауылының тұрғыны, қоғам белсендісі Амалбек Имаш. Жиын соңында Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Жеткізгенұлы мәселелерді шешудің бірнеше жолын айтты: «Жерді заңсыз пайдаланып отырған мекемелермен келісім шартты бұзу, карьерлерге кіріп-шығатын бір жол салу керек, қиыршықтас уататын техниканы жыраққа көшіру керек». МО әкімінің орынбасары Бақытжан Қашақов аудан басшысының ұсынысын тыңдап, оны орындауға 1 ай мерзімді уақыт берді. Сол уақыт ішінде басқа жолдың салынып, тас уатқыш техникаларды көшіруді тапсырды. Ал, ол тапсырманың орындалуы тікелей Бақытжан Аманжолұлының қадағалауында болады.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="84893,84894,84895,84896,84897,84898"]