Кеше, 6 тамыз күні Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне 2005 жылы туған кәмелетке толмаған қыз жеткізілді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты МО денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап. Жасөспірімді 14 шағын ауданда жаяу жүргіншілер жолағында қағып кеткен. Қыз жолдан өтіп бара жатқан кезде Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі көлікті тоқтатып үлгермеген. Зардап шегушіге оқиға орнында болған куәгерлер мен жедел жәрдем дәрігерлері көмек көрсеткен. Жол көлік оқиғасы шамамен 22:20-да болған. "Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК 610 бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Автокөлік айып тұрағына жабылды. Іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жіберіледі", - деп хабарлады Маңғыстау облысы бойынша полиция Департаментінің баспасөз қызметі. МО денсаулық сақтау басқармасының мәлімдеуінше, қабылдау бөлімінің дәрігерлері қыз баланың оң жақ жамбасының жарақаттық шығуларын диагностикалап, гипс салған. Қазіргі уақытта жасөспірім травматология бөлімінде жатыр. Қыздың жағдайын дәрігерлер орташа ауырлықта деп бағалайды.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ