Ақтау қаласындағы №14 мектепте өткен шарада ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қоры атынан 200 балаға мектепке қажетті сөмкелер мен керек-жарақтар табысталды. Қайырымдылық шарасына ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының бас маманы Гүлнар Ершіманова мен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова арнайы қатысты.
-Қор мамандары акция аясында республикамыздың жеті аймағында болып, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмысы төмен, көп балалы отбасылардың балаларына мектепке қажетті сөмкелер мен басқа да керек-жарақтар үлестірді. Бұл-дәстүрге айналған игі шара. Жақында Атырау облысында болып қайттық. Бүгін міне, Ақтау қаласындамыз, ертең Жаңаөзен, Форт-Шевченко қалаларына барып, оқушыларды мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеміз. Жалпы Маңғыстау облысы бойынша 500 балаға көмек көрсетілетін болады. Мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады,-дейді ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының бас маманы Гүлнар Ершіманова.
Шарада қордың жеке тапсырысы бойынша ерекше сәнмен тігілген сөмкелер мектеп оқушыларына салтанатты түрде табысталды. Сыйлыққа ие болғандардың арасында 5-сынып оқушысы Данияр Айтанов та бар.
-Отбасымызда менен бөлек үш інім, екі қарындасым бар. Біздерді киіндіру, мектепке дайындау ата-анамызға үлкен салмақ салады. Сондықтан да бізге сыйлық жасап, әдемі сөмке мен құрал-жабдықтарды тарту етіп жатқан ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Ата-анамның үмітін ақтап, сабақты жақсы оқып, үздіктер қатарынан көрінуге тырысамын,-дейді Данияр Айтанов.
ҚР Тұңғыш Президеті-Елбасының қоры бұл акцияны биыл жеті жыл қатарынан ұйымдастырып келеді. Осы жылдар аралығында 7000-нан астам мектеп оқушысына қайырымдылық көмектер көрсетілген. Қор мамандарының айтуынша, әр балаға жұмсалған шығын 10 мың теңгені құрайды.
Венера МИРЛАН