Кәсіпкерліктің дамуы – халықтың әл-ауқатының жақсаруына және әлеуметтік мәселелердің жеңілдеуіне әкелетін ең тиімді жол. Бұл – біздің елімізде де басым бағыттардың бірі болып саналады. Елбасымыз барлық деңгейдегі әкімдіктер мен қаржылық құрылымдарға шағын кәсіпкерлікті дамытуға барынша көмек, қолдау көрсетуге тікелей тапсырма берген болатын.
Осы бағыттағы шаралардың бірі өткен жұма күні аудан орталығында өтті. Оны Маңғыстау облыстық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының Түпқараған аудандық филиалы ұйымдастырды. Кезедесуге аудан кәсіпкерлері шақырылып, оларға кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған Мемлекеттік бағдарламалар мен микроқаржы мәселелері бойынша түсінік беруге облыстан бірнеше білікті маман келді. Олар – Маңғыстау облыстық Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Ерлан Бекбауов, осы орталықтың бөлім басшысы Аққу Айтжанова, мал шаруашылығы бойынша бизнес-тренер Күзембай Ерғалиев, аквакультура бойынша бизнес-тренер Алмагүл Оразалиева. Кездесуге «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының басшысы Дәулет Өтебалиев модераторлық жасады.
-Кәсіпкерлікке елдің бәрі ынталы. Бірақ, ойға алған істі бастап кетуге қаржысы болмай қиналады. Алайда, мемлекеттік бағдарламаларды және кәсіпкерлікті қолдау, қаржыландыру үшін құрылған мекемелердің ұсыныстарын жақсылап талдап, таразылап, ойланып қараған адам өзіне тиімді жол таба алады. Қазіргі кездесуге осы мәселені – мемлекеттік бағдарламалар мен микроқаржы мәселелері бойынша түсінік беруді арқау етіп алып отырмыз. Мамандар бұл жөнінде жақсылап түсіндіріп береді, сонымен қатар өздеріңіз де сұрақ қойып, талқыласып отырсаңыздар, осы жиынның пайдасы мол болар еді, -деді сөз басында Дәулет Өтебалиев.
-Еліміздің барлық аймақтарында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының қолдауымен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары құрылды. Бұдан кейін, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері осы жерде «бір терезе» қағидасымен бизнестерін ашу немесе жүргізу бойынша барлық сауалдарына жауап таба алады.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жинақтаған тәжірибесіне орай құрылған кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы облыстық деңгейде «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» (КҚКО), шағын қалаларда «Тұрақты кәсіпкерлерді қолдау орталығы» және аудандарда «Жылжымалы кәсіпкерлерді қолдау орталықтары» деп аталып, бизнестің жергілікті салаларына қарай үш деңгейде кәсіп иелеріне қызмет көрсететін болады.
Жылжымалы және тұрақты қызмет көрсету орталықтарының негізгі мақсаты – ақпаратпен аз қамтылған елді мекендердегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына кеңес беру қызметін кеңейту және алғашқы кезеңде бизнестің жылдам дамуына жағдай жасау мақсатында еліміздің шағын қалаларына сапарлар ұйымдастыру болып табылады, -деп Ерлан Бекбауов осы сапарына түсінік бере кетті.
Келген мамандар әрқайсысы өз саласы шеңберінде жұмыстарының бағытын айта келіп, осы бағытта кәсіп істегісі келетіндерге біраз кеңес берді. Сұрақтар да көп қойылды. Кәсіпкерлерді қатты қиналтатын нәрсе – бюрократтық кедергілер екен. Бұл жерде кәсіпкерлердің құжаттарын, бизнес-жоспарларын жасақтап, оларды мемлекеттік органдарға жеткізуде көмек көрсетуге дайын құрылым – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бар екенін Д.Өтебалиев ескерте кетті. Ал, қаржыландыруға қатысты мәселеге жауап берген мамандар оның да жолы көп екенін айтты. Ең бастысы – идея болуы керек, ал оны іс жүзіне асыруға көмектесетін жауапты мамандар бар.
Дәулет Өтебалиев кәсіпкерлікті қаржыландыруға қатысты тілшілердің сұрақтарына кеңінен жауап беруге келісіп отыр. Алдағы уақытта ол сұхбат газетімізде жарияланатын болады.
Анар РАХИМБЕКОВА