Қазақстан полициясы төл мерекесін тойлағалы бір айдай уақыт өтті. Полиция еңбегінің қашанда елеулі екенін білдірмек боп, олардың бір күндік жұмысымен танысып қайттық. Тәртіп сақшыларының жұмыс күні телефонның шырылы мен рацияның үнінен басталды. Толассыз түсіп жатқан коңыраулар мен рациядан келген хабарлар полицияның жұмысы біз ойлағаннан оңай емес екенін ұқтырды. Тізе берсең көбейе беретін олардың бір тәуліктегі жұмысының жауапкершілігін бірі білсе, бірі білмейді. "Оның киген бәтеңкесін киіп, жүрген жерімен жүріп көр" дейтін қазақ. Біз олардың аяқ киімін кимесек те, жүрген жерімен жүріп көрдік. Оңай емес... Нұрлан Жұманов 32 а,б,в және 33, 34, 35 шағын аудандарының жауапты учаскелік инспекторы. Ол қызмет ететін бұл учаскеде одан бөлек, тағы 3 полиция қызметкері бар. Олар тәртібін күзететін аумақта 87 үй, 24 мың тұрғын бар. Халықтың 10600-і ересек болса, 13428-і жасөспірімдер. Бұл ауданда үйлер жаңадан салынып жатқандықтан, халық толықтай қоныстанбаған. Полицияға көбіне тұрмыстық жанжал мәселесімен шағымданып келетіндер алдыңғы қатарда деді инспектор. Мәселен, біз бірге жұмыс істеген уақытта тұрмыстық жанжал бойынша бір тұрғын арызданып келді. Полиция тұрғынның арызын қабылдап, тексеру жұмыстарына дереу кірісіп кетті. Оларға түннен бері түскен дәл осындай тағы бір арыз бар екен. Жұмыс күнінде инспектор тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізіп, өзіне қойылған сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, уческелік полиция 102 номері бойынша да арыз-шағым қабылдайды. Оларға келіп түскен қоңырау бойынша жедел жұмыс атқарады. Ал шақыртулар көбіне 23.00-ден кейін түседі. Олардың басты міндеті тұрғындармен тікелей байланыс жасау. Сонымен қатар, олар тұрғын үй пайдалану кеңсесімен және пәтер иелерінің кооперативімен бірігіп жұмыс жасайды. Тәртіп сақшылары жылына 4 рет тұрғындармен кездесу жұмыстарын жүргізеді. Мемлекет басшысының ішкі істер органдарымен және қоғаммен өзара іс-қимылда учаскелік полиция инспекторларының рөлін күшейту туралы тапсырмасын, сондай-ақ Ішкі Істер Министрлігі алқасының шешімін орындау шеңберінде учаскелік полиция инспекторлары қызметінің жұмыс форматын түбегейлі өзгерту бойынша ұсыныстар жобасы қалыптастырылып жатыр, - дейді аумақ инспекторы Нұрлан Жұманов. Учаскелік полиция инспекторлары жұмысының жаңа әдістерін жасауда жұртшылықтың пікірі назарға алынады. Маңғыстау облысы Полиция департаментінде ұсыныстар жинау үшін жұмыс топтары құрылған. Барлық келіп түскен ұсыныстар бойынша мониторинг жүргізіліп, кейін ҚР ІІМ-ге ұсынылатын болады дейді мамандар.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" td_gallery_title_input="Полицияның бір күні" ids="83397,83396,83395,83394,83393,83392"]