Өткен жұмада өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында әйгілі Голливуд кинокомпанияларының "серкелері" БАҚ өкілдеріне сұхбат берді. Елорда төрінде өткен "Еуразия" халықаралық кинофестивалінің мәртебелі қонақтары Маңғыстау өлкесіне ат басын бұрған екен. Басты ниет кәрі түбекке тән тұмса табиғат көркін өз көзімен тамашалау, тылсымға толы тереңге тамыр жайған тарих парақтарын шолып өту десті. Кино өндірісте кәнігі маман, тісқаққан продюсер Ричард Смоткин маңғаз Маңғыстау бедері ерек кино алаңына айналуы бек мүмкін екендігін тілге тиек етті. Теңдесіз табиғи ландшафты тамаша еткендегі алғашқы әсерден арыла алмай отырған ол қайта оралуына сенімді екендігін де жеткізді. "Қазақстан Үкіметімен бірлесе жаңа әрі тың туындыны көрерменге жолдау жоспарда бар. Қазақстандық кино өндірісті жан-жақты зерттеп, талдап, танысудамыз. Мақтауға лайық дүниелер жоқ емес. Маңғыстау теңдесіз табиғаты адамды еріксіз баурайды",-дейді ол. Шиеленіскен сәттерге толы шытырман оқиға желісіне негізделген телетуындылардың авторы австралиялық Джулиан Гриммонд та өз таңданысын жасырмады. Әулиелі мекенге тән көне мазар, зиярат орындары, жерасты медресе-мешіттер, шар тәріздес алып тастар мен құлашы кең көсілген ен жазық, дархан дала, аласа таулар баурайы, сай-жыра бәрі дерлік Джулиан мырзаның шабытына қанат бітіргендей. Әсіресе қазақ ұлтының тарих кеңістігінде жүріп өткен ізін көз алдыңа көлбетер, қазақы исі аңқыған, қазақы бояуы қанық, ұлт үні - домбыра көмейінен төгілген күй құдіретіне ерекше тоқталды. "Қазақ халқының ұлттық құндылықтары, ата ғұрып, салт-дәстүрі, әсіресе ұлттық музыка өнері, ән-жыры өте керемет. Біз бүкіл әлемге қазақ халқын, қазақ күйін танытқымыз келеді. Бұл дүниелер сапалы, әсерлі кинотуындыға арқау боларлық маңызға ие",-дейді ол. Голливудтық қонақтар қатарында көрікті әрі өнерлі кино әртісі Симона Роман бар. Нәзік жанды актриса Маңғыстау өлкесінің ерекше болмыс-бедерін өте жоғары бағалап, аса сүйіспеншілікпен сипаттады. Сөз арасында төрт түлік төресі түйе жануарымен кездескен сәтін де баяндап, езуге күлкі үйіртті. "Маңғыстау даласын көргенде өте ғажайып күйге бөлендім. Қазақ халқының жан-дүниесі де тылсымға толы табиғаты, дархан даласы секілді кең, терең әрі сезімге бай. Осы мекенге келгеніме, қазақ халқымен қауышқаныма өте қуаныштымын",-деп өз әсерімен бөлісті. Арнайы өлкетану экспедициясын ұйымдастырған Бекболат Төлегенұлы сонау Голливудтан келген қонақтарға аса қонақжайлылық танытып, аудармашы қызметін де атқарды. Таяу болашақта Маңғыстау өңірі туралы көрермен жүрегіне жол тартар жаңа кинотуындыны баршамыз асыға күтеміз.
Голрох Жеменей