Менің бұл қызды алғаш көріп, танысқаныма дәл биыл 10 жыл болыпты. Соның 9 жылында бір бөлменің ауасымен бірге тыныс тап келеміз. Содан бері оның жазу шеберлігі, кәсіби деңгейі тұрмақ мінез-құлқын да бес саусақтай біліп алдым десем артық айтқандық болмас. Әрине, ол кім екен деп ойлап отырған шығарсыздар. Ол – «Жаңаөзен» газетінің қазіргі жауапты хатшы-дизайнері Гүлсім Мұрынова. Ол 2010 жылдың жазында оқуын қызыл дипломмен бітірді. «Жаңаөзен» газетінің редакциясына келіп жұмысқа орналасты. Әрине, теориялық алған білім мен практиканың арасы жер мен көктей болмаса да өзіндік айырмашылығы болатыны ақиқат. Білім мен теорияның деңгейі қатар болған кезде жас маман жұмысынан жалықпайды. Университет қабырғасынан жаңадан түлеп ұшқан жас маманды өмірден көргені мол, тәжірибесі мен біліктілігі жеткілікті, журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен басшысы бар мекемеге тап болмаса келешегі қиын. Арғы жағында айтары жоқ, тек қарауыл есебінде қауқиып отырған басшыға тап болған жас маман, әп дегеннен кібіртіктеп, бірте-бірте тобанаяқ болып қалады. Гүлсімді от пен суға салмасақ та салмақты тақырыптарға қалам тартып қалыптасуын қадағалағанымыз рас. Сауатты жазудан бастап, сөз саптау, ел ішіндегі мәселелерді қалай зерттеп, қалай жазып, оқырманға қалай тиімді жеткізудің жолдарына баулыдық. Тіпті журналистік әдептен озбау, оның халықтық мәдениетін сақтау керектігін де естен шығармадық. Ол үшін қандай әдіс-тәсілдер қолдану керектігін де үнемі есіне салып отырдық. Еңбегіміз еш болмаған сияқты. Айтқан кеңесті зейінді жастың зердесіне тоқи бергені бірте-бірте өз нәтижесін бере бастады. Көздеген нысанын мұқият зерттеп, жалықпай ізденіп, тынымсыз еңбектенуге қалыптаса бастады. Бірде Жаңаөзендегі туберкулезге қарсы аурухананы жазуды қолға алды. Ол аурухана қаланың сыртында. 10–15 шақырымдай қашықтықта, Кендірліге кететін жолдың бойында. Ол жерде жұмыс істейтін медиктер де, техникалық қызметкерлер де мекеменің арнайы автобусымен қаладан қатынайды. Онда жұмыс істейтіндердің басым көпшілігі – әйел адамдар. Ауруханаға баруды жоспарлаған ол автобустың қаладан қашан, қай жерден жүретінін күні бұрын біліп алады. Сөйтіп, баратын күні таңғы сағат 6-дан өте үйінен шығады. Автобус кідіретін аялдамаға келіп, екі көзі төрт болып көбірек күтіп қалады. Әйтеуір тағаты таусылуға шақ қалғанда көлікке өзі құралпы қыз-келіншектермен бірге отырады. Ол Бөкен базарға тоқтайды. Медиктер түскі, кешкі азық-түліктерін базардан сатып алатын көрінеді. Базарға бір кірген әйелдің ісі оңайлықпен бітіп бола ма? Сағат тілі зырылдап барады. Күрмеуге келмейтін қысқа күннің сәскесі де таяп қалады. «Базаршы әйелдердің» алдыңғы легі көрінгенімен шұбатылған соңғыларын күтіп тағы біраз іркілуге тура келеді. Әйтеуір сағаттан астам уақытта бас-аяғы әрең жиналыпты. Оларға ешкім ескерту жасамайтын сияқты. Себебі олардың алып, пакеттерге салып жүргендері түскі және кейбірінің түнгі тамақтары. Көксау кісідей күркілдеген көне көлік те біраз тер төкпесең өздігінен қызбайтын болып шығады. Бір кезде әйтеуір артынан қара түтін атқылап, базарды басына көтеріп, дарылдай қозғалады. Орнынан жұлқына қозғалып, бірде сілкініп, бірде іркіліп дегендей жолға шығады. Қаладан шығып, АТП-дан асқасын күркілдеген көлік бауырқұрт мал секілді табандап тұрып алады. Бұл әдетке медиктердің әбден көзі үйреніп, еттері өліп кеткен секілді. Асыққанда қайтеді? Ол жаққа такси де жүрмейді. Сөйтіп, әлгі автобус қызметкерлерін жұмыс орындарына сағат 11-де түске жақын әрең жеткізеді. Таңғы кезектен шығатындар да базардан әкесі келетіндей осы автобусты күтіп жүр екен. Сол үшін орындарына күндізгі ауысыммен келген әріптестерін қабақтары қатыңқылау қарсы алады. Гүлсім, міне, осы көріністі ешкімнің көңіліне де тимей, бастықтарын да ренжітпей, яғни «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» қаз-қалпында әңгімелейді. Себебі «Көрген көзде жазық жоқ». Оған аурухананың басқа да проблемалары мен дәрігерлердің жетістіктерін, емделіп жатқан сырқаттардың жағдайларын өз көзімен көріп, пікірлерін тыңдап жазып шықты. Материал өте әдемі әрі тартымды болып жарияланды. Әрине, шыбық тимей шыңқ ете қалатын сала басшыларының өзі сүйсінісін жасыра алмай, алғыстарын айтып жатты. Өйткені «Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма?» деп қазекең бекерге айтпаған екен. Көп ұзамай аурухана ұжымы көкірегі күркілдеген ескі көліктен ілдебайлап әрең құтылды-ау деймін... Жалпы әрбір саланың, әрбір мамандықтың өзіндік ерекшелігі, мамандардың өзіне лайық айла-тәсілі, қулық-сұмдығы болады. Ондай әдістер журналистика саласында да бар. Оны сыпайы тілмен айтқанда тәжірибе дейді. Ол журналист Әзілхан Нұршайықов айтқандай әртіс те, психолог та, данышпан да, дана да болуға тура келеді. Әрине, мұндай өнерлер журналист үшін ауадай қажет. Бірде «күтпеген жағдай» орын алып, журналистерді залдан шығарып жібергенде Гүлсім медиктердің ақ халатын киіп топпен жиынға кіріп, көрген-білгендерін мақала етіп жазған-ды. Кендірлі демалыс аймағында жалпы Қазақстан бойынша жастардың дебаты өткен. Ол екі күнге жалғасты. Сол дебатты да Гүлсім теңіз бойында қона жатып жазды. Ұлысқа Ұран болған Пір Бекет атамыздың қолданған қара құранын сақтаған ұрпағы, Жаңаөзен қаласының тұрғыны екенін тұңғыш рет тауып, көпшілікке жариялаған да – Гүлсім. Тағы да сол кезде кәрі қыздар мәселесі жөнінде материал бастап, зерттеп жүрген... Міне, осындай түрлі тақырыптардағы материалдар жарияланып тұрғасын «Жаңаөзен» газетінің абырой-беделі артып, ел арасындағы мерейі үстем болған. Қарапайым халықтың редакциядан көмек сұрап келетін қатары көбейген. Әрине, олардың өтініштері орындалады. Жазылған арыз бойынша тиісті мекеме басшысына арнайы хат жолданып, жауабы газет бетінде басылады. Кейде хатта айтылған кемшіліктерді анықтау үшін журналист зерттеу жүргізіп, қорытындысы газет бетінде сәулеленіп жатады. Кейде мекеме басшыларының өтінішімен «Жарияланбаған хаттың жауабы» деген айдармен газетке шығады. Бәрібір қайткенде де қарапайым халықтың мүддесі басты назарда болады. Сол үшін оқырмандар өз еркімен жазылып, газет таралымының артуына ықпал еткені айдан анық. – Жаңаөзендегі Төлесін Әлиев атындағы №1 орта мектепте 5- сыныпта оқып жүргенімде «Жас қалам» атты клуб ашылған болатын, – дейді Гүлсім Мұрынова өткен күндерін еске алып. – Оған бірінші болып жазылдым. Клубта шығарма жазуға, өлең шығаруға талпынып жүрген оқушыларға бағыт бағдар беруді үйрететін. Бір күні клубқа жетекшілік ететін Қаламқас апай өлең шығарып кел деп тапсырма берді. Үйге барып, терезеге қарап ойланып отырмын. Оңайлықпен орамды ойлар мен шиыршық атқан шумақтар келер емес. Бірдеңелерді шатпақтаймын. Бірақ өзге түгіл өзіме де ұнамайтын сияқты. Жыртып тастап қалам мен қағазды қайта қолға аламын. Түк шығатын емес. Әйтсе де, тапсырманы орындау қажет. Тағы да терезеге төнемін. Бір кезде далада аппақ қардың үстінде асыр салып ойнап жүрген балаларға көзім түсті. Сол көңіліме түрткі болды ма, әйтеуір көп қиналмай не бары екі-ақ шумақтан тұратын «Көңілді қыс» деген өлең жаздым. Жаңа дәптерге қайталап көшірдім. Ертесіне мәз болып барып, апайға көрсеттім. Апай мақтағанда өзімді классик ақындардың қатарына қойып, қуанғаннан төбем көкке бір елі жетпей қалды. Содан бастап әдебиетке, түрлі кітаптарға, шығарма жазуға көңілім ауатын болды. Мектеп және қала көлемінде өтетін шығармашылық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрдім. Бұл менің қызығушылығымды, жазуға деген құштарлығымды арттыра түсті. Ізінен қалмадым. Мектептегі қабырға газетіне шағын хабар-ошарлар жаза бастадым. 7- сыныптан бастап Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсуге талаптандым. Бірақ адамның айтқаны болмайды, Алланың қалағаны болады. Он жыл бойы сабақты үздік оқыған, тіпті мектептің президенті лауазымына дейін көтерілген Гүлсім ҰБТ-дан 77 балл жинап, мемлекеттік грантқа іліге алмай қалады. Сондағы қатты өкініп, өкіріп жылап, өзегінің өртенгені әлі есінен кетпейді. Себебі жақсы оқығанымен жолы көмескілеу болып, өздігінен журналистика факультетіне оқуға кіре алмайтын болды. «Сыйынғаныңнан сүйенгенің күшті болсын» дейтіндей мықты тіреуі де жоқ екені өзіне мәлім. Әкесінің бейнесі еміс-еміс есінде. Бұл бес жасқа толғанда әкесі бақилық болған. Анасының зейнетақысы төлемді оқуға жетпейтіні, сірә, белгілі. Әр ауылдың түтінін түтетіп отырған өзінен үлкен апаларының да жағдайы белгілі. Өйткені олардың да өз отбасылары өздеріне жеткілікті. Жалғыз ағасының табысы күнделікті күнкөрістен артылмайды. Сосын жақын-жуық жанашыр ағайын-тумалар «Ақтаудағы Ш.Есенов университетіне түс, соны оқып бітірген мұғалімдер де қатардан қалып жатқан жоқ» деген сынды ақыл-кеңестерін тықпалады. Бірақ Гүлсімнің барлық ой-арманы – ҚазМУ-дың журналистика факультеті. Алматыда оқу. Ол ойын ешкімге айтқысы келмейді. Табандап тұрып алуға ҰБТ-ның көрсеткіші анау. Қайсарлық таныта беруге отбасылық жағдайы мынау. Жалпы «Жоқшылық – жомарттың қолын байлап тұр». Оқуға құжат тапсыратын кез де тақалып қалды. Анасы мен ағасы Гүлсімге «Алған бетіңнен қайтпа, қарағым. Жолың болсын! Біз де қол қусырып қарап отырмаспыз. Мүмкіндігі болғанынша бір амалын қарастырармыз» деп ақ баталарын берді. Сол күтпеген жерден аяқ астынан болған қуаныштың жетегімен Гүлсім ҚазМУ-дың журналистика факультетіне бір жылға сол кезде 215 мың теңге қаржы төлеуге келісті. Барды. Құжаттарын тапсырды. Сапары сәтті болып, студент атанды. Іштей анасына берген антын орындау үшін жатпай-тұрмай оқуға бекінді. Оқу басталудан үздіктер қатарынан көрінді. Еңбегі зая кетпеді. Бірінші курста жоғары бағаларға оқып, үздіктер қатарынан орын алған оны оқу орнының әкімшілігі екінші курсты мемлекеттік грантпен бастауға шешім қабылдады. Сөйтіп, ол анасына берген антын ақтап, уәдесін адал орындап, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп шықты. Жұмысқа орналасты. Онда да өзінің зеректігінің, алғырлығының арқасында абыройсыз болмады. Үлкен ізденіс, қажырлы қайратымен оқырмандардың көңілінен шығып, көптің көзіне түсіп, облыстық, қалалық әкімдердің алғыс хаттарының иегері болды. Ол еңбек етіп жүріп сайыстарға, байқауларға қатысуды да ұмытпады. Олардан да жеңімпаз атанып, алған марапаттары бір төбе. Білімін одан әрі шыңдау мақсатында Мәскеудегі қаржы университетінің магистратурасына оқуға түсіп, қашықтықтан білім алып, еңбек ете жүріп менеджмент мамандығын да игерді. Қазірше ол диплом үйінде «страховка үшін резервте» тұр. Кім біледі, әлі алда қандай замандар болатынын. Құдайдың бұйрығы, Хауа ана мен Бибі Бәтиманың жолы, тағдырдың тартуы, табиғаттың заңы бойынша тұрмыс құрды. Қазір кішкене бір ұлы мен бір қызы өсіп келеді. Әрине, перзент сүю, бала тәрбиелеу – адамзаттың ең басты парызы және баға жетпес бақыты. Сол балаларын тәрбиелеу жолында дәл бұрынғыдай еңбек етпегенімен өз қатарының алдыңғы қатарында. Себебі балалы келіншектің уақытының бір бөлігі перзенттерінің тәрбиесіне жұмсалатыны белгілі. Сонда да бала тәрбиесін де қолға алып, жұмысты да естен шығармай, яғни өзін-өзі қатардан қалдырмау нәзік жандылардан ерекше төзімлікті, асқан сабырлылықты, үлкен ерлікті, табанды жауапкершілікті талап етеді. Міне, біз әңгімелеп отырған алғашқы қадамын қабырға газетінен бастаған журналист Гүлсім Мұрынова – осындай қайсар жан, білікті маман, тәжірибелі тілші, асыл жар, аяулы ана, сүйкімді келін, алдыңғыларға табанды шәкірт, соңғыларға талапшаң ұстаз. Оны ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, өзіне мықты денсаулық, шығармашылық табыс, отбасына, балаларына амандық тілейміз.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН, Қазақстанның құрметті журналисі