Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарға арналған бейімделген жағажайдың кезекті маусымы ашылды. Ақтауда жарымжан жандарға арналған шомылу орны былтыр ашылған еді. Жаз мезгіліне орай, облыс орталығының Ақжелкен елді мекенінде орналасқан ерекше жағажай өз жұмысын бастады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. "Тенгизшевройл" компаниясы қаржыландыратын әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау бойынша "Орталық Азияның Еуразия қоры" корпоративтік қорының демеуімен құны 1 млн. теңгені құрайтын шомылуға арналған мүгедек арбасы алынған. Ол суда еркін қозғалуға мүмкіндік беретін теңдесіз арба.
"Жағажай 10 орынға арналып жасалған. Мұнда суға шомылу үшін арнайы жазылу керек. Бұл жылы жағажайға арнайы киім ауыстыру бөлмесін салынды. Оны мүгедек арбасының қозғалысына ыңғайлы етіп жасадық. Алдағы уақытта Ақтау қалалық әкімдігі жағажайдың үлкеюін қолдаса, біз аянып қалмаймыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға қуаныш сыйлай алғанымызға өте қуаныштымын", - дейді "Луара" Қоғамдық қорының жетекшісі Лаура Асырова.Еске сала кетейік, 2018 жылы "Луара" Қоғамдық қорының бастамасымен "Каспийдегі бейімделген жағажай" деп аталатын әлеуметтік-маңызды жобасы құрылған еді. Жоба Тұңғыш Президент Қоры мен Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен бастау алған. Оның нысанға алған мақсаты мүмкіндігі шектеулі жандардың жағажайға кедергісіз кіру мүмкіндігін жасау. Бейімделген жағажай мүгедек балалар мен жастардың және олардың отбасыларының сұранысына ие екенін атап өту керек. Шеберлік-сабақтар мен арт-терапия, тренингтер сонымен қоса жағажайдағы демалыс мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуіне үлкен септігін тигізеді дейді мамандар. Өкінішке орай, Ақтауда мүгедек арбасындағы балалар мен жастардың саны аз емес. Сондықтан да, Каспийдің шомылуға рұқсат етілген аймағында мүгедектерге жағдай жасалған жағажайлар салу - өзекті. [gallery td_select_gallery_slide="slide" td_gallery_title_input="Бейімделген жағажай" ids="82416,82417,82418,82419,82420,82421"]
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ,
суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН