Маңғыстаулық билер кеңесі толық құрамда жиналып, алғашқы дауларды қарады. Талапт арыздар Ақтау қаласының №2 сотына түскен, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Талап арыздардың алғашқысы пәтерін бөлісе алмаған бұрынғы ерлі-зайыптылардың дауы болды. Сотқа жазған талап арызында Б. есімді келіншек өзінің атындағы пәтерге бұрынғы заңды некедегі күйеуі мен оның інісінің ешқандай үлесі жоқ екенін айтып, пәтерге меншік құқығын тануды сұраған. Сот тараптардың өкілдеріне істі медиация арқылы қарауды ұсынған. Қорғаушылар өз қорғауындағы азаматтарға артық шығын шекпей, медиативтік келісімге келіп, істі жылдам әрі бітімгерлікпен аяқтауға болатынын, бұл істі билер кеңесінің қарауына беру керектігін түсіндірген.
Билер кеңесі екі тарапқа құқықтары мен міндеттерін түсіндірген соң келіншек талап арызынан бас тартып, ал жауапкерлер бұдан былай пәтерді бөлісу туралы дау қозғамауға келіскен. Екі жақ қол алысып, медиативтік келісім бекітілген.
"Бір күнде билер кеңесінің қарауындағы 3 іс бойынша келісім бекітіліп, бір іс бойынша тараптар келісімге келуден бас тартты", - деп мәлімдеді МО сотының баспасөз қызметіндегілер.
Сондай-ақ билер кеңесінің отырысында Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Даулиев пен Маңғыстау облысы «Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Молдағұлов қоғамдық келісімді нығайтып, дауларды бейбіт жолмен шешу аясын кеңейту мақсатында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.
Айта кетелік, Маңғыстау облысындағы билер кеңесі сәуір айында ғана құрылған еді. Оның құрамында тоғыз азамат бар, қоғамдық бірлестікті Ақтау қалалық мәслихатының депутаты Марат Молдағұлов басқарса, кеңестің хатшысы - отставкадағы судья Гүлжахан Иманғалиева.