©
Маңғыстауда 5 айда есірткіге қарсы күрес бойынша 200-ден аса құқық бұзушылық пен 25 қылмыс тіркеліп, өткізу мен аса ірі мөлшерде сақтау деректері анықталған. Заңсыз айналымынан 100 келіден астам есірткі заты тәркіленген. Наурыз айында есірткі заттарды жеткізу және сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді. Аталған топтың 5 мүшесіне ҚР Қылмыстық кодексінің 262-бабымен "ұйымдасқан қылмыстық топты құрды және басқарды" деген айып тағылды. Бұл туралы Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікке байланысты жиында мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында жол қауіпсіздігі, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етуге байланысты жергілікті полиция қызметінің жұмыстары талқыланып, жедел іздестіру қызметі, қылмыстарды ашу және заңсыз есірткі айналымының жолын кесу, тергеу мен анықтау қызметінің сапасын көтеру мәселелері жан-жақты қаралды. Қанат Таймерденовтің айтуынша, 5 айдың қорытындысы бойынша қылмыс саны 5,5 %-ға төмендеп, оның ішінде ауыр қылмыс 7,4 %-ға және аса ауыр қылмыс 14,3 %-ға азайған. "Өңірде қарақшылық шабуыл 20,0%-ға, тонау 41,8%-ға, бөтен мүлікті ұрлау 15,1%-ға, оның ішінде мал ұрлығы 30,8%-ға төмендеді. Бұзақылық 26,4%-ға азайды", - деді өңірдің бас полицейі. Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен өңірдегі ойын мекемелерінің қызметіне тексеру жүргізіліп, мемлекетке салық төлемей заңсыз жұмыс жасап келген 61 букмекерлік кеңсе анықталған. Қ.Таймерденовтің айтуынша, статистика бойынша мұндай орындар қауіптілігі жоғары нысандарға жатады. Соңғы 5 жылда букмекерлік конторларда тонау, ұрлық, қарақшылық шабуыл, бұзақылық сияқты 69 қылмыс жасалған. Соңғы 1,5 жылдың ішінде ойында бәс тігіп ұтылып қалған клиенттердің 5 суицид дерегі тіркелген. Қазір полиция осындай орындарды жою мақсатында кірістер департаментімен, прокуратурамен бірлесе жұмыс жасап жатыр. Жиын соңында өңір басшысы Ералы Тоғжанов құқық тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, тәртіп пен заңдылықты сақтау мәселелері жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар өңірдегі барлық мемлекеттік органдарды букмекерлік кеңселерді тексеру және заңсыз қызметтерді жою бағыты бойынша бірлесе отырып күресу керектігін атап өтті.