25 мамыр күні Ақтау қаласы жол-патрульдік қызметі күшейтілген режімде жұмыс жасап, 200-ге жуық құқық бұзушылықты анықтады, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы полиция департаментіне сілтеме жасап. «25 мамыр күні жол-патрульдік қызметі күшейтілген режімде жұмыс істеді. Мектеп бітіруші түлектер арасындағы құқық бұзушылықтың, кәмелетке толмағандардың сағат 23.00-ден кейін ата-анасынсыз жүруінің алдын алу, жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында рейд жүрді», - деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер. «Соңғы қоңыраудан» кейін рейд барысында 195 әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы толтырылған. «Айыптұрағына 25 көлік жабылды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612 бабына сәйкес, құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ кәмелетке толмаған балаларына көлік басқаруға рұқсат берген 2 ата-анаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды», - деді Полиция департаментіндегілер. https://youtu.be/P-YllnDqBH4 Сондай-ақ 25 мамыр күні полицейлер екі жүргізушіні мас күйінде ұстады. Полицейлер сол күні әлеуметтік желілерге мониторинг жасап, барлық видео мен суреттерді тексеріп, құқық бұзушылық фактілері бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Хаттамалар негізінен ӘҚБтК 518 бабы (жол жүрiсi қағидаларын сақтамау) және 612 бабына (құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) сәйкес толтырылған.
Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="80097,80101,80100,80099,80098"]