©
Маңғыстау облысындағы 10 мектептің түлектері мектеп бітіру кешінен бас тартып, банкетке жинайтын қаржыны қайырымдылыққа жұмсауға шешім қабылдаған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ӨКҚ сілтеме жасап. «Біз осы шараны қолға алғанда өмірдегі басты құндылық – қайырымдылық екенін түсіндік және ысырапшылдыққа жол бермеу қажет екенін білдік. Осы шараны біз бәріміз ақылдасып, апайымыздың қолдауымен жүрді. Әр бала өздерінің үйінен ойыншықтар, киімдер және қаржылай берген ақшамыздан тағы қосымша ойыншықтар, тәттілер алып балалар үйіне бардық», - деді №11 мамандандырылған физика-математика мектебінің оқушысы Айжан Бейнеубай. Түлектер көңіл көтеруден көрі сауапты істерге атсалысуды жөн көріпті. «Нұрлы болашақ» шарасына әзірге 10 мектептің түлегі қосылған. Мәселен, ақтаулық оқушылар балалар үйіне ойыншықтар сыйласа, Мұнайлы ауданының түлектері көп балалы отбасылардың балаларына жазғы лагерьге жолдама тарту етті. Ал Жаңаөзен жастары аз қамтылған отбасыларға барып, қажетті заттарын сатып алып берген. Кей мектеп түлектері думанды кештерді киелі жерлерге саяхат жасаумен алмастырмақшы. Бекет ата жер асты мешітін, басқа да тарихи ескерткіштерді аралап, өлкенің тарихымен танысуды жоспарлап отыр. «Айта кететін жайт бұл акция әлі де жалғасын табады. Себебі басқа мектептер де сол акцияға қосылып жатыр. Осы жылы мектеп кештері мектептен тыс жерлерде болмайды. Тек қана мектептің қабырғасында өтетін болады», - деді Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Асқар Сейдалиев. Айта кетелік, биыл Маңғыстау облысында 5579 түлек мектеп бітіреді, оның 4298-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірген.