Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек туралы жиі қойылатын сұрақтар
[ 2019 ] 21 мамыр, 07:21 | Жаңалықтар
Атаулы әлеуметтік көмек – әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға және табысы төмен отбасыларға, әсіресе көп балалы отбасыларға берілетін ақшалай төлем.
Атаулы әлеуметтік көмек 1 сәуірден бастап отбасының жалпы табысын санау кезінде қандай табыс есепке алынбайды?
Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін отбасының жиынтық табысын есептеген кезде мыналар есепке алынбайды:
1. Төрт және одан да көп баласы бар көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
2. «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы;
3. Баланың мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақы;
4. Студенттердің шəкіртақысы;
5. Жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын біржолғы төлемдер.
Атаулы әлеуметтік көмектің жаңартылған форматына өтініш қабылдау қашан басталады? Қай жерге хабарласу қажет?
Жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш қабылдау 2019 жылдың 1 сәуірінде басталады. Ол үшін тұрғылықты мекен-жай бойынша жұмыспен қамту орталығына немесе халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет. Егер отбасы ауылдық жерде тұрса, кент, ауыл, ауылдық округтердің әкімдеріне жүгінеді.
Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қандай құжаттар қажет?
Өтініш беру мен сәйкестендіру үшін тек жеке куәлікті ұсыну қажет. Басқа құжаттар қажет емес.
Жәрдемақыны толық мөлшерде алу үшін құжаттарды айдың басынан беру қажет пе?
Жоқ, міндетті емес. Атаулы әлеуметтік көмек өтініш білдірген айдан бастап тағайындалады және өтініш берген күнге байланысты емес. Мысалы, сіз құжаттарды уәкілетті органға 20 сәуірде тапсырсаңыз, онда төлемді де толық көлемде бір ай үшін аласыз.
Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін тұрғылықты мекен-жайға тіркелу қажет пе?
Иә, қажет. Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін тұрғылықты мекен-жайға тұрақты немесе уақытша тіркелу қажет.
Жәрдемақыны есептеген кезде бірге тұратын туыстардың барлық табысы есепке алынатыны рас па? Бұл норма қайта қарала ма?
Атаулы әлеуметтік көмекті 2019 жылғы 1 сәуірге дейін тағайындаған кезде отбасының бірге тұратын, ортақ шаруашылық жүргізетін барлық мүшесі есепке алынады. Бірақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңның отбасы құрамын нақтылау бөлігіне толықтыру енгізіп жатыр. Осылайша 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасының құрамында тек жақын туыстар, яғни ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата, әже, немерелер есепке алынады.
Жәрдемақы алу үшін отбасының бір мүшесінде қандай табыс болуы керек? Жәрдемақының мөлшері қандай?
Егер отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 23 487 теңгеден аспаса, отбасына атаулы әлеуметтік көмек төленеді. Бұл ретте кәмелетке толмаған балаларға 23 487 теңге мөлшерінде, ал ересектерге отбасының жан басына шаққандағы табысы мен атаулы әлеуметтік көмек критерийлерінің мөлшері арасындағы айырма төленеді. Мысал ретінде екі ересек ата-ана мен кәмелет жасқа толмаған 6 баладан тұратын отбасын алайық.
Ай сайынғы табысы:
1) Әкесінің жалақысы – 150 000 теңге;
2) Көп балалы отбасына берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы – 10 504 теңге;
3) «Күміс алқа» алқасымен марапатталған көп балалы анаға берілетін мемлекеттік жәрдемақы – 16 160 теңге.
Отбасының ай сайынғы табысы – 176 664 теңге. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде көп балалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мен «Күміс алқа» жәрдемақысы алып тасталды. Отбасы мүшелерінің жан басына шаққандағы орташа табысы былай есептеледі: 150 000 теңге 8 адамға бөлінеді = 18 750 теңге. Отбасы атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийлеріне сәйкес келеді.
Балаларға атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін есептеу: 23 487 теңге х 6 бала = 140 922 теңге.
Ата-аналар үшін атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін есептеу: 23 487 теңге – 18 750 теңге = 4737 теңге; 4737 х 2 = 9474 теңге.
Атаулы әлеуметтік көмектің жиынтық мөлшері – 140 922 теңге + 9474 теңге = 150 396 теңге.
Егер бұрын отбасы атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерийіне сәйкес келмесе, онда 2019 жылғы 1 сәуірден бастап отбасы 150 396 теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы. Осылайша жаңа атаулы әлеуметтік көмекті ескерген кезде отбасының жалпы табысы 176 664 теңге + 150 396 теңге = 327 060 теңге болады.
Отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс есепке алына ма?
Иә, отбасының жиынтық табысын анықтаған кезде жеке қосалқы шаруашылық ескеріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табыс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі №237-ө бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес есептеледі. Қағидаларда ел өңірлерінің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты есептеу нормалары айқындалған. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар жеке қосалқы шаруашылықты табыс көзіне жатпайды деп айқындай алады, яғни әкімдіктер өз қалауы бойынша жеке қосалқы шаруашылықтан түсетін табысты ескермеуге құқылы.
Көп балалы отбасыларды қолдау бойынша тағы қандай шаралар бар?
«Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға ай сайын 16 160 теңге (6,4 АЕК) көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Бүгінде 235 мың ана осындай құрметті атаққа ие. Сонымен бірге «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналар:
– көлік құралдарына салынатын салықты және жер салығын;
– тұрғылықты мекен-жайын тіркеу, паспорт және жеке куәлік алу кезінде жасалатын нотариат және заң тұрғысынан маңызды әрекеттер үшін мемлекеттік баж салығын және тағы басқа төлемдерді төлеуден босатылады.
Бес және одан да көп бала туып, оларды 8 жасқа толғанға дейін тәрбиелеп отырған аналар 53 жасында зейнетке шығуға құқылы. Министрлік азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, әлеуметтік көмек пен қызметтердің бірыңғай пакетін әзірледі, оны атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жергілікті атқарушы органдар көрсетеді. Әлеуметтік пакетке жергілікті атқарушы органдар есебінен көрсетілетін 11 әлеуметтік қолдау және әлеуметтік қызмет шарасы кіреді, оның ішінде 1–4-сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру, балалар лагерінде тегін демалу, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы тұрғын үй жағдайларын жақсарту, мектеп формасымен, оқулықтармен және оқу жабдықтарымен қамтамасыз ету және тағы басқалар бар.
Қандай жастағы балалар атаулы әлеуметтік көмек ала алады?
Жаңа механизм бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы немесе 23 487 теңге мөлшеріндегі кепілді төлем 18 жасқа дейінгі балаларға, ал орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқыған жағдайда білім беру ұйымын бітіретін уақытқа дейін (бірақ 23 жасқа толғанға дейін) төленеді.
Толық ақпаратты қайдан алуға болады?
Елдің барлық өңірінде мұқтаж азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және басқа да жеңілдіктер мен жәрдемақылар туралы толық ақпаратты «111» call-орталық нөмірі арқылы алуға болады.
М.Базархан,
Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің бас маманы.
Телефон: 43-26-70
1344
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.