Елорда атауының Нұр-Сұлтан болып өзгеруіне байланысты азаматтардың қолданыстағы құжаттарды ауыстыруы міндетті емес. Бұл жайында ҚР Әділет министрлігінен мәлім етті, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайтыҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «ҚР Президентінің 2019 жылғы 23 наурызда Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласын Қазақстан Республикасының астанасы - Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қоюына байланысты Әділет министрлігі мыналарды түсіндіреді. Елорда атауының өзгеруі азаматтарға сатып алу-сату, сыйға тарту, ауыстыру, пайдалануға қабылдау сынды жылжымайтын мүліктің құқын белгілейтін құжаттарды, сонымен қатар туу туралы, өлгені туралы, неке қию/бұзу туралы азаматтық хал-ақуал актілерін тіркеу құжаттарын ауыстыру міндетін жүктемейді. Аталған құжаттарда елорданың бұрынғы атауының жазылуы оларды жарамсыз қылмайды», - деп атап өтеді министрліктен. Сонымен қатар ведомство Әділет министрлігінің ақпараттық жүйелерінде елді мекеннің атауы Астана қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына автоматты түрде ауысатындығын атап өткен. Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "Хабар" арнасындағы "Открытый диалог" бағдарламасына берген сұхбатында Астананың атауын өзгерту тəртібін түсіндірген. https://www.youtube.com/watch?v=BuEwjzx84Sw