Жаңаөзен қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Атап айтар болсақ, саудагерлер көрші жатқан Түрікменстан және Өзбекстан елінен келген. Халық үшін баға өте тиімді. Мысалы, күнделікті асқа қажетті сәбіздің келісі – 100 теңге, картоп пен пияздың келісі – 90 теңге болса, одан бөлек жеміс-жидектер: алма – 200-330 теңге мөлшерінде, апелсин, банан, алмұрт келісі – 500-600 теңге аралығында сатылды. Сондай-ақ жәрмеңке алаңынан тиімді бағада шұжық, май, ет және сүт өнімдерін де таба аласыз. Жобалап есептеуімізше, жәрмеңке бағамы күнделікті дүкен сөрелеріндегі азық-түлікке қарағанда 20-30 пайызға арзан. Жүздеген халық қалаған саудасын жасап, дән риза көңілмен қайтты. Өзбек саудагерлерінің басым көпшілігі Хорезм уалаятынан келген. Онға жуық жүк көлігіне жеміс-жидек пен азық артып, қалаға жеткен саудагерлердің айтуынша барлығы да аулада өскен табиғи өнім.
Мадияр ТӨЛЕУОВ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН