Маңғыстау облысына іс сапармен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Ақтау қаласының 32 шағынауданындағы дәрігерлік амбулаторияның ашылу рәсіміне қатысты. Бұл амбулатория қаланың жоғарғы шағынаудандарының 25 000 астам тұрғынына қызмет көрсетеді. Министр алғашқы медициналық-санитарлық көмек халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету үшін басым бағыт екенін атап өтті. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Ақтау қаласының білім саласындағы бірнеше ұйымды аралады. Министр алдымен үш аусымды мектептердің мәселесін шешу мақсатында №29 мектептің жағдайымен танысты. Маңғыстау облысында 157 жалпы білім беретін мектеп жұмыс жасауда, оның ішінде 140 мың астам бала қамтылуда. 2018-2019 оқу жылында өлкемізде сыйымдылығы 6300 орындық жаңа 9 мектеп пайдалануға берілді. «Тәуелсіздік алғаннан бері Маңғыстауда 55 мектеп салынған. Алдағы үш жылда Маңғыстау облысында 8 мектеп ашылады. Олар негізінен үш ауысымда жұмыс жасайтын, ғимараттары апатты жағдайдағы мектептерді ауыстырып салынатын болады», – деді К. Шәмшидинова. Сонымен қатар, іс-сапарда Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинова Ақтау қалалық Оқушылар орталығына барды. Қазіргі таңда орталықта қосымша білім берумен қатар, өнер және спорт үйірмелері (шахмат, тоғызқұмалақ, хореография, робот техникасы, планетарий, құммен бейнелеу, art студия, жас дизайнер, сәндік өнер, домбыра, гитара студиялары, english study, таеквондо, каратэ, жеңіл атлетика) жасайды. Онда 6 500 мыңнан астам бала қосымша білім алады. Маңғыстау облысы бойынша 35 мыңан астам оқушы қосымша білім беруімен қамтылуда. Қосымша білім беру ұйымының оқушылар және ұстаздарымен кездесуден соң Күләш Шәмшидинова Халел Өзбекқалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжі жанынандағы IT орталықтын графикалық және Веб дизайн, бейне өндірісі зертханасы, 1с бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді курстарды өткізуге арналған арнайы оқу кабинеттерінде робототехника, инклюзивті білім беруде компьютерлік сауаттылыққа үйрету кабинеттерімен танысты.