Жаңаөзенде жұмыспен қамту жалғасуда
[ 2019 ] 15 наурыз, 05:52 | Жаңалықтар
Жаңаөзен қаласындағы жұмыспен қамту шаралары жалғасуда. «Қанағат қыл да, еңбек қыл» деген Шәкәрімнен жеткен нақыл сөз бүгінгі күн тақырыбына да сай келіп тұрғандай. Осы мақсатта жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Ажархан Тұрақованы сөзге тарттық.
- Қала бойынша жұмыссыз тұрғындардың саны - 3481 адам, оның ішінде: 1890 - «Жұмыспен қамту орталығына» жұмыссыз ретінде тіркелген тұлғалар, 1951 - тіркелу сатысында, яғни жұмыс іздеуші ретінде тіркелген тұлғалар.
Сонымен қатар, «Жұмыспен қамту орталығында» 821 адам кеңес алған.
Тұрғындардың жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында:
19 ақпан күні Маңғыстау облысы әкімдігі мен қала әкімдігі «Ашық есік күнін» ұйымдастырды. Бұл шараға 2639 қала тұрғыны қатысты.
Облыс бойынша 101 мекеме қатысуымен Жаңаөзен қаласында 2 рет «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, 1061 бос жұмыс орны, оның ішінде, Жаңаөзен қаласы мекемелері тарапынан 546 бос жұмыс орны (жалақы мөлшері 80 мың теңгеден - 100 мың теңге аралығында) ұсынылды. Жәрмеңкеге 3104 қала тұрғыны қатысты.
Қала әкімдігі тарапынан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ымен бірлікте «Өзенинвест» МКК-дан қосымша 350 жұмыс орны құрылды.
Нәтижесінде, 4320 адам тұрақты жұмыс орнына жолдама алып, оның ішінде 315 адам жұмыспен қамтылды. Атап айтар болсақ, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қызмет көрсетуші мекемелерге - 65 адам, «Өзенинвест» МКК - 174 адам, білім беру ұйымдарына - 5 адам, орта және шағын кәсіпорындарға - 22 адам, Ақтау қаласының мекемелеріне - 49 адам.
Ұсынылған жұмыстан 35 адам бас тартты.
Ақтау қаласына жұмысқа орналасқан азаматтардың 17-сі
жатақханамен қамтылды.
Алдағы уақытта Ақтау қаласына жұмысқа орналасуға ниет білдіруші Жаңаөзен қаласының тұрғындары үшін «Өзенмұнайгаз» АҚ 2 шағынауданда орналасқан 150 орындық жатақхананы жалға алады.
2019 жылдың 1 наурызында Жаңаөзен қаласына республикамыздың Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облысына қоныс аударуға ниет білдірушілерге бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде қоныс аудару аясында 6500-дің үстінде бос жұмыс орны ұсынылды. Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласынан 10 отбасы, яғни 47 адам қоныс аударуға ниет білдірді. Қоныс аударушыларға биыл солтүстік аймақтарға қоныс аудару бойынша шығындарды субсидиялау қарастырылған, әр отбасы мүшесіне -185 мың теңге (бюджеттен - 85 мың, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы қаражаты есебінен - 100 мың теңге) беріледі, - деді Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Ажархан Тұрақова.
Жаңаөзен - Ақпарат
1033
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.