©
Биыл да дәстүр бойынша амал мерекесі Маңғыстау халқы үшін ғана емес, дүйім қазаққа киелі жердің бірі саналған Отпан тауда тойланды. Келген құстың қанатында бүрлеген, жақсылыққа деген үміттің нышанындай – көктем. Атаулы үрдістің кең көлемде тойланар жөні осыдан. Елге арнап дастархан жайған думан әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Батыстың жыр мектебі өкілдерімен қоса, барша қазаққа аты мәшһүр Сәуле Жанпейісова да дүбірлі тойдың төрінен табылды. Отпантау басына от жағып, татулықтың, бірліктің белгісі ретінде оны бір атаның ұрпақтары келесі бір атаның ұрпағына табыс ететіні ежелден бергі жоралғы. Бұл жолы аталған жоралғы жүзінде Ақпан батыр ұрпақтары Бірлік отын Балықшы руына табыстады. Қуанышқа ортақтасып арнайы келген Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов барша жұртқа құтты болсын айтып, келешекте де бірлігі мығым ел болуға шақырды. Отпан тауға амал мерекесін тойлау үшін еліміздің басқа да аймақтарынан келген қонақтар саны жетерлік. Соның бірі абайтанушы, халыққа баба мұрасын нәсихаттап, жақсылыққа септесіп жүрген – Омар Жәлелұлынан біз де сөз қолқалағанбыз: - Негізі өз басым Маңғыстау еліне жиі келем. Басқа нәрсені айтпағанның өзінде бұл жұрттың рухани әлемге деген сұранысы мол. Көп ізденеді, атаның сөзін есте тұтып, дәстүрді жоғалтпауға бір кісідей жұмылады. Отпантауға алғаш келуім. Алған әсерімді сөзге сиғызудың өзі артықтау. «Атаның сөзін бала ұлықтар» деуші еді ғой, дәлелін Бірлік отын табыстау жоралғысынан аңғардым. Елдің амандығы, жұрттың шаттығы азаймасын! - деп ақ ниетін жаудырды. Адамның адамға деген сыйластығын арттырып, өкпе өткенмен кетсін деп елдің бірлігін асырар амал мерекесінен аларымыз мол. Қарттар осындайда не деуші еді: "Жыл құтты болсын!"Мадияр ТӨЛЕУОВ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="74775,74774,74780,74779,74777,74776,74781"]