Жылдағы дәстүр бойынша биыл да маңғыстаулықтар Отпан тауда бас қосады. Дәстүрлі мейрамды атап өтіп, қол алысып, көріседі, мерекелік шараның куәгері болады. Бұл жолғы жиынды ұйымдастыру эстафетасы Ақпан руына табысталған. Бұл жөнінде Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина ӨКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді. Биылғы Амалдың басты ерекшелігі – халықаралық деңгейде өтуі. Шараны ұйымдастырушылар - Маңғыстау облысы әкімдігі, облыстық мәдениет басқармасы, «Отпан» МКҚК, облыстық ғылыми- әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығы, Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы, Адайдың сегіз арыс және Ақпан Ата ұрпақтары. «Мерекелік шара облыс орталығынан бастау алады. Наурыздың он үшінде қазақы қалыптағы аттылы көш Ақтау қаласынан Маңғыстаудың ең биік шоқысы Отпанға бет алады, құрамында ел ақсақалдары мен ел ағаларынан бастап жігерлі жастар болатын бұл көште қазақтың салт-дәстүрі салтанат құрады. «Көш көлікті болсын» деп көшке құрмет көрсететін салтты Ақшұқыр ауылында түпқарағандықтар жасайды. Осылай басталған бірлік пен елдіктің мерекесіне Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей оның ішінде Ноғай елінен делегаттар қатысады деп күтілуде. Наурыздың он үшінде басталған мәдени шаралар бірлік отын жағуға жалғасатын болады. Биылғы тағы бір ерекшелік жастар жылына орай бірлік отын жағу эстафетасы жастарға берілетін болады. Ал он төрті күні жылдағы дәстүр бойынша салтанатты жиын өтеді, 40-тай киіз үй тігіліп, келушілер концерт тамашалауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ Шетпе селосындағы ат жарыс алаңында бәйге өтеді»,-дейді Пәния Оңалбайқызы. 13-14 наурызда өтетін шараға алыс-жақын өңірлерден қонақтар шақырылмақ. Атап айтар болсақ - Ақмешіт кесенесінің, Сарайшық кесенесінің, Ичан-қала мемориалдық кешенінің, Бекет ата кесенесінің, Астрахань, Құрманғазы мәдени орталығының өкілдері, Ноғай елінің жыршысы Сұлтанбек Арыстанбек, дәстүрлі әнші Сәуле Жанпейісова сынды қонақтар келеді деп жоспарланған. «Мерекелік шаралар екі күнге жоспарланды. «Рухани жаңғыру. Арал-Каспий өңірінің тарихи-мәдени мұралары» III халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы осы мереке аясында жалғасады. «Армысың, Амал!» атты облыс жыршыларының қатысуымен жыр кеші өткізіледі. Президенттің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстық мәдениет басқармасы бұл шараны республикалық деңгейде тойлауды екінші рет қолға алды. Ол үшін бюджеттен қаржы қарастырылып, іс-шаралар жоспары мен бағдарламасы дайындалды, - дейді МО ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының бөлім меңгерушісі Нұрдәулет Қозыбақов. Отпан басындағы мерекелік шарада 200-ден астам өнерпаз өнер көрсетеді, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, аламан бәйге ұйымдастырылады. Жүлделерге Ақпан ата ұрпақтары атынан бағалы сыйлықтар мен ақшалай сыйақы беріледі. Амал мерекесін республикалық деңгейде тойлаудың бағдарламасы төмендегідей:
Суреттерді түсірген Т.ҚҰСАЙЫН