©
2019 жылдың 23-25 ақпан аралығында Жаңаөзен қаласында қоғамдық орынды ластағаны, былапыт сөйлеп, қоғамға анық құрметсіздік танытқаны үшін әкімшілік жауапқа 16 тұлға тартылып, оларға 5-тен 7 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жаза тағайындалған. Бұл туралы Маңғыстау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Айта кетелік, қазір жергілікті билік халықты жұмыспен қамтамасыз ету және басқа да әлеуметтік мәселелерін шешу бағытында жұмыстарды жүргізуде. Прокуратураның мәлімдеуінше, жергілікті атқарушы органдар қабылдаған шешімдер мен ресми ақпараттарын күту барысында заңды бұзуға болмайтындығы жөнінде түсіндіру жұмыстарына қарамастан, бірқатар тұлға қоғамдық орындарда құқыққа қайшы әрекеттерге барған. Кейбір тұлғалардың әрекеттерінен қылмыстық құқық бұзушылық құрамы байқалады. "Мәселен, 22 ақпан күні Т. есімді азамат Жаңаөзен қаласының әкімдігі ғимараты жанында әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық алауыздықты қоздыруға бағытталған сөздер айтқан. Бұл факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабының 1-бөлігі бойынша (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық алауыздық қоздыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісі тіркелді", - деп мәлімдеді прокуратурадағылар. Аталған әрекет үшін ҚР Қылмыстық кодексінде 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Маңғыстау облыстық прокуратура қоғамдық тәртіпті қатаң сақтау қажеттігін баса айтты.