ҚР Президентінің 2018 жылғы 5 қазандағы жолдауында айтылған тапсырманы орындау мақсатында облыстың мемлекеттік органдары орналасқан алаңдарға түгендеу жұмыстарын жүргізген.
232 мемлекеттік мекеме тексеріліп, алаңдармен қамтамасыз ету нормаларының сақталмағаны анықталған. Бұл жөнінде ӨКҚ-де өткен брифингте сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Нұргүл Мұқатай мәлімдеді.
Нормативтен асқан алаңдардың жалпы көлемі 7142,48 шаршы метрді құраған. Оның ішінде басшылар кабинетінде – 4130,9 ш.м. қызметкерлер кабинеттерінде – 2838,1 ш.м. жалпы үй – жайлар ауданында – 2030,58 ш.м.
«Анықталған артық алаңдардың 3303,465 ш.м. оңтайландыруға, яғни қысқартуға жатады. Оларды басқа мекемелерге беруге немесе жеке және заңды тұлғаларға жалға беруге болады. 2685 ш.м. алаң түрлі себептерге байланысты қысқартуға жатпайды. Себебі кей ғимараттарда алаңдар артық болғанымен, ішкі алаңқайлары басқа мекемелерге беруге келмейді немесе құқық қорғау органдарына тиесілі. Өздеріңіз білесіздер, құқық қорғау органдары рұқсатнамалық режимге кіретін нысан болғандықтан, ықшамдау мүмкіндігі жоқ», - дейді Н.Мұқатай.
Айта кетейік, оңтайландыру жұмыстарының нәтижесінде әкімшілік қызметшілерге арналған артық алаңдардыжалға беру және басқа мемлекеттік органдарға беру арқылы мемлекет бюджетін үнемдеуге мүмкіндік бар.
"Осымен бір мезгілде коммуналдық меншіктегі мүлікті тиімді пайдалану мақсатында жыл сайын жергілікті бюджетке 18 966,1 мың теңге түсуде (19 миллионға жуық), жалпы ауданы 3845,11 ш.м., 65 жалдау шарты бойынша жеке тұлғаларға мемлекеттік органдардың бос алаңдарын мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру бойынша жұмыстар жүргізіледі", - деді Н.Мұқатай.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН