Американың Анахайм қаласында өткен мəнерлеп сырғанаудан "Төрт құрлық турнирі" аяқталып, Қазақстанның спортшысы Элизабет Тұрсынбаева күміс медальға ие болды. Ол қысқа бағдарламада 68,09 ұпай алып, алғашқы күнді жалпы есепте 6 орында аяқтады. Бірақ келесі күні Элизабет Тұсынбаева еркін бағдарламада 139,37 ұпайға ие болды. Осылайша чемпионатта барлығы 207,46 ұпай жинап, осы турнирдің алтын медаліне ие болған жапондық Рика Кихираға ғана жол берді. [caption id="attachment_71660" align="aligncenter" width="952"] Сурет Olympic.kz сайтынан[/caption] Айта кетелік, Элизабет Тұрсынбаева осы турнирде төрттік сальхов элементін секірді. Айналымды толық жасағанымен, мұзға түскенде тепе-теңдікті сақтай алмай құлап, осы элементі үшін 4,85 ұпай ғана алды. Егер осы элементті сәтті орындағанда, Элизабет Тұрсынбаева ересек қыздар арасында алғаш рет төрттік сальхов элементін секірген мәнерлеп сырғанаушы атанар еді. Бірақ Элизабет Тұрсынбаева бұл элементті осыдан екі апта бұрын ғана өз бағдарламасына қосып, жаттығу кезінде сүрінбестен орындаған. https://www.instagram.com/p/BtdCXgalGoy/ Бұған дейін төрттік элементті ересек қыздар арасындағы халықаралық турнирлерде ешкім орындап көрген жоқ. Ал жасөспірім қыздар арасындағы турнирде бірінші рет төрттік элементті ресейлік жаттықтырушы Этери Тутберидзенің шәкірттері 14 жасар Анна Щербакова мен Александра Трусова орындаған. Анна бір бағдарламаның ішінде екі рет төрттік лутцты орындағанымен танымал. Ал Александра төрттік сальховты да, тулуп пен лутцты да секіре алады. Оларға дейін бұл элементті жапондық Рика Кихира жаттығу кезінде жасапты, бірақ турнирлерде секірмеген. Сондықтан 18 жастағы Элизабет Тұрсынбаева секірген төрттік сальхов - тек спорт сүйер көрермен ғана емес, кәсіби спортшылар үшін де жаңалық болды. https://www.youtube.com/watch?v=IMHTNk8_VP4 Э. Тұрсынбаеваның айтуынша, ол төрттік сальховты секіруге дайындықты ұзақ уақыт бұрын бастаған, бірақ жарақаттың салдарынан орындай алмапты. "Мен осы элементті бұдан кейін де жетілдіре түсемін, келесі жарыстарда жақсы орындайтыныма сенемін. Бұл - менің мақсатым", - деді ол журналист Джеки Вонгке берген сұхбатында. Турнирден кейін спортшы өзінің инстаграм желісіндегі аккаунтында жаттықтырушысы Этери Тутберидзеге, оның командасы мен жанкүйерлерге алғыс білдірді. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Э. Тұрсынбаева спорттық мансабын 2005 жылы бастаған. Ол 2012 жылы ресейлік Этери Тутберидзенің мектебінде жаттыққан. Алайда 2013 жылы канадалық жаттықтырушы Брайан Орсердің командасына ауысып кетеді. Э.Тұрсынбаева Канадада жаттыға жүріп Азиа ойындарының қола медалін, Төрт құрлық турнирінде 8-ші орын алып, Пхенчхандағы Олимпиадаға жолдамаға ие болды. Бірақ Оңтүстік Кореядағы олимпиадада тек 12-ші орынға ғана тұрақтады. Былтыр маусым айында Э. Тутберидзеге қайта оралды. Мәнерлеп сырғанаушының айтуынша, оның бұл шешімі 2022 жылы Пекинде өтетін Олимпиада ойындарына басқаша дайындалғысы келетінімен байланысты. Осылайша, жаттықтырушы мен спортшы 2022 жылға дейін келісімшартқа отырған. Жаттықтырушысын ауыстырғаннан кейін Э.Тұрсынбаева 2018 жылдың қазанында Финляндияның Эспоо қаласында өткен Finlandia Trophy халықаралық турнирінде күміс жүлдегер атанды. "Төрт құрлық турниріндегі" күміс жүлде - оның жаттықтырушысын ауыстырғаннан кейінгі екінші үлкен жеңісі.