Маңғыстауда қоныстану колониясына қайтып оралмаған сотталушыға іздеу салынды. Ол Маңғыстау облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ГМ-172/8 түзеу мекемесінен 4 ақпан күні шығып кетіп, оралмаған. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына ГМ-172/8 мекемесінің басшысы Ғабит Шотабеков хабарлады. Сотталушы Мереке Бердиев 1989 жылы дүниеге келген. Ғ.Шотабековтің айтуынша, ол «Еңбек Ақтау» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында жұмыс істеген. Түзеу мекемесінен таңертең жұмысқа барып, кешке қайта оралуы тиіс. Алайда 4 ақпан күні жұмыс орнынан 19:00-де шығып кеткеннен қайта келмеген. Болжам бойынша ол Маңғыстау облысының аумағында, атап айтқанда Форт-Шевченко, Баутин кенті, Жаңаөзен қаласы және Бейнеу ауылында жүруі мүмкін. Мекеме басшысының айтуынша, М.Бердиев Ақтау қалалық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 191 бабы 1 бөлігімен тонау бойынша сотталған. 4 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу кесілген. «Үстіне көк түсті спорттық киім, басында GGG белгісі бар бейсболка, қоңыр түсті күрте мен қара түсті кроссовка киген. Бойы 168-175 см шамасында, кең жауырынды, аздап бүкірейіп жүреді. Қоңыр көзді, құлағы сынған. Қылмыстық ортада «Шрек» есімімен белгілі. Спирттік ішімдікке әуес, агрессияға бейім», - дейді Ғ.Шотабеков. Мекеме басшысы оны көрген-білгендер болса, 102, 54-45-74, 8 (700) 022 03 86, 8(702) 627 28 22 нөмірлеріне хабарласуын сұрайды. Хабарлаушының есімі анонимді түрде сақталады.
Суретті Ғабит Шотабеков ұсынды