Жергілікті БАҚ беттерінде Ақтауда жаппай сүйісу шарасы өтетіндігі жөнінде ақпарат тараған еді. Ақпарға сүйенсек, 14 ақпан әулие Валентин күніне арналған шараны «Akkala Mall» сауда орталығында өткізу жоспарланған. Жаппай науқанның шартынша, оған ғашықтар және ата-аналар балаларымен қатысуға болады деп көрсетілген. Алайда бүгін Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Жансая Исмағұлова шара өтетіндігі жөніндегі ақпараттың жалған екенін хабарлады. «Құрметті, Ақтау қаласының тұрғындары! Шаһардағы сауда орталықтарының бірінде жаппай сүйісу шарасы болады деген ақпарат ақиқатқа сай емес. Сондықтан алаңдаудың еш қажеті жоқ деп есептеймін!», - деп жазды ол фейсбуктегі парақшасында.