Былтыр жұмыс күші тапшы аймақтарға 1 858 отбасының 6 766 адам қоныс аударған. Олардың 2,7% (185-ке жуық адам) Маңғыстау облысынан көшкен. Айта кетерлігі, аймақтық квотамен 1 517 отбасын (6363 адамды) қамту көзделіп, 106% орындалған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
ҚР «Көші-қон туралы» заңына сәйкес, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарынан қоныс аудару қарастырылған. Бұл өңірлерде соңғы 10 жылда халық санының жыл сайынғы өсімі 2 пайызды құрап отыр. Халықтың тығыз орналасуы бір шаршы шақырымға 6,4 адамнан келеді.
Ерікті қоныс аудару «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүргізілді. Қоныс аударушыларды қабылдап жатқан аймақтарға Шығыс-Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік-Қазақстан облыстары кіреді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлағандай, қоныс аударғандардың жартысынан көбі Павлодар облысына көшкен - 31%, Шығыс-Қазақстанға– 27%, Солтүстік Қазақстанға – 22%, Қостанай облысына – 16%.
Олардың көбі Түркістан облысынан көшкендер– 36%, Алматы облысынан – 28%, Жамбыл өңірінен – 15%, Қызылорда облысынан – 13,5%, Маңғыстау облысынан – 2,7%.
Қоныс аударғандардың 48% немесе 3 265 адам еңбекке жарамды жастағылар. Оның ішінде 2 208 адам (70%) жұмысқа тұрған. 180 адам кәсіпкерлікпен айналысып жатса, 112 адам оқумен қамтылды.
Айта кетелік, өз еркімен қоныс аударғандарға көшіп-қонғаны үшін субсидия беріледі, яғни отбасының әрбір мүшесіне 35 АЕК (88 мың теңге) көлемінде бір реттік өтемақы қарастырылған. Баспана жалдау және коммуналдық қызмет түрлерінің шығынын өтеуге 12 ай бойы 15-тен 30 АЕК дейін (39 мыңнан 76 мың теңгеге дейін) қаржылай көмек беріледі.
Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап жұмыс берушілерге қоныс аударғандар қатарынан тұрақты жұмысқа қабылданған әр жұмысшы үшін (5 адамнан кем емес) 450 АЕК (1 136 мың теңге) көлемінде субсидия беріледі.
Сондай-ақ оралмандар мен қоныс аударғандар арасында жаңа бизнес-идеяны дамытуға бағытталған жаңа бастама бойынша жұмыс басталды. Ол үшін бағдарламаға қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 100 АЕК (252 мың теңге) көлемінде мемлекеттік грант беріледі.
2019 жылдан бастап жұмыс берушілердің қатысуымен қоныс аударғандар үшін бағдарламаға тұрғын үй алу және оның құрылысы бойынша жаңа механизм енгізілді. Пилотты жобаны Солтүстік Қазақстан облысынан соң басқа аймақтарда да енгізілмек.
Жаңа механизм алдағы үш жылда 3 мыңға жуық қоныс аударған отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.