Инстаграм әлеуметтік желісінде Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбек Қарабалаевты қолдауға арналған акция басталды. Желі қолданушылары #Нұрбекбізсеніменбіргеміз #нурбекмыстобой деген хештегпен жазба жариялауда.
"Ол өз өмірін кәсіби спортқа арнады... Оған біздің спортшылардың жеңісі, NFC клубының құрылуы дәлел. Нұрбектің бастамасымен суасты спорты федерациясы құрылып, жарыстар мен кәсіби оқыту өткізіп, осы спорт түрі жаңа деңгейге шықты. Қиын кезеңде біз облыстық спорт басқармасына хабарлассақ, енді оған қиын кезең туып тұр...», - делінген жазбада. Бұл акцияны қолдаушылардың арасында Панкратионнан әлем чемпионы Абылай Төлеш, ҚР ММА мен панкратион ұлттық федерациясы, ҚР ММА, панкратион мен грэпплингтен ұлттық федерациясының президенті Сағындық Мекеев, белгілі КВН-ші Айдар Каримбаевтар бар. Нұрбек Қарабалаевтың өзі бұрын спортшы болған, қоян-қолтық ұрыс, самбо күресі, панкратионнан бірнеше мәрте жеңімпаз атанған. Ол 2018 жылдың 30 қарашасында ғана Маңғыстау облысының спорт басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған. Естеріңізге сала кетейік, Нұрбек Қарабалаев 31 қаңтар күні 10 күнге қамауға алынған еді. Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, оған мемлекеттік қызметке және мемлекеттік басқару қызметіне қарсы ауыр көлемде сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айып тағылған. Күні кеше Курсив сайты Н. Қарабалаевтың Ақтауда салынуы тиіс мұз айдынының құрылысымен байланысты инвестициялық жобаға қатысы болуы мүмкіндігін хабарлаған еді. Айта кетелік, 2018 жылдың қараша айында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары пара алды деген күдікпен қамауға алынған. Сол кезде БАҚ беттерінде С.Аманғалиевтің де осы жобаға қатысы бар болуы мүмкіндігі айтылған. https://www.instagram.com/p/BtX-JWChkkJ/