Маңғыстауда жұмыртқа қажеттілігінің 5 пайызы ғана өңір тарапынан қамтамасыз етілген. Қалғаны өзге аймақтардан келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында облыста қос бірдей құс фабрикасы ашылмақ. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде Маңғыстау облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл мәлімдеді. Облыс халқы жылына кем дегенде 10 мың тонна құс еті және 96 млн жұмыртқамен қамтылуы қажет. Аталған екі жоба осы қажеттілікті өтемек. «Түпқараған ауданында «Агрокредит корпорациясы» несиелендіруімен жылына 3200 тонна құс етін өндіретін жоба басталды. Құрылысы аяқталып, құрал-жабдықтарына Қытай мен Иранға тапсырыс берілді. Биыл қыркүйек айында іске қосу жоспарланып отыр. Ол кезде өңірді кемінде 30 пайызға құс етімен қамтуға мүмкіндік бар. Екінші жоба жұмыртқа өндірісі бойынша. Қазір Мұнайлы ауданында «Маңғыстау құс» серіктестігі алғашқы жарнасын салып, құрылыс жұмыстарын басталды. Жоба құны 5 млрд теңге. 2020 жылдың аяғында бұл жоба іске қосылған соң жұмыртқа облысқа ғана емес, көрші өңірлерге де жеткізілмек", - деді Серік Сырымұлы.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Басты сурет сайттың архивінен