©
Ақтау қаласының тұрғыны 2005 жылы туылған қызы зорлық-зомбылыққа ұшырағаны туралы Маңғыстау облысының Полиция департаментіне арызданған. Бұл жөнінде департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.
«Аталған дерек Мұнайлы аудандық Полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 120-бабы 4-бөлігімен тіркелді (көрінеу жас балаға қатысты жасалған зорлау). Тергеу Полиция департаментінің Тергеу басқармасының білікті қызметкеріне тапсырылды. Қажетті барлық сараптамалар тағайындалды. Тергеу барысы облыстық Полиция департаментінің бастығы мен прокурордың бақылауына алынды», - делінген баспасөз қызметінің ақпаратында.
Бұған дейін бұл ақпарат басылым беттері арқылы мәлім болған еді. NewTimes.kz. сайты ақтаулық әйелдің 10, 12, 14 жастағы үш қызын дәрігерге тексерткенін жазды. «Дәрігер 3 қыздың да пәктігі жоқтығын айтты. 14 жастағы үлкен қыз ең алғаш 9 жасында зорланыпты. Ең кішісі соңғы рет 2018 жылдың желтоқсанында зорлық көрген. Тіпті артқы жақтан да сексуалды қатынасқа түскен. Екі қыз өздерін әкесі, ал кішісі бірге тұратын кісінің зорлағанын айтты», - дейді Ақтау тұрғыны.
"Маңғыстау облыстық полиция департаменті оқиғаны растап отыр. Олар әзірге 2005 жылғы қыздың зорланғанын дәлелденгенін айтады", - деп көрсеткен NewTimes.kz.